10

ҰСТАЗ АТЫ – БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК

Ұстаздар мерекесі қарсаңында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанындағы Әйелдер діни  сауат ашу орталығында шәкірттердің ұйымдастыруымен «Ұстаз аты- биік әрі мәңгілік» тақырыбында мерекелік шара өтті. Шараға ардагер ұстаздармен қатар жас мамандар да шақырылды. Діни сауат ашу курсының шәкірттері ұстаздарына жүрек жарды тілектері мен арнау өлеңдерін арнады. Зәмзәгүл Сапарова ұстаз ақысы жайында уағыз-насихат айтып, адамзаттың ең ұлы ұстазы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмірі мен мінезін үлгі ету керектігін баяндады.  Шараға мейман ретінде шақырылған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының маманы Эльмира Әділханова атақты Абылай ханның кеңесшісі болған Қалқаманұлы Бұқар жыраудың «Тілек» атты толғауын оқып, жырдың мазмұны мен мәнін түсіндірді.
Сонымен қатар орталық ұжымы мен шәкірттерінің 2 жыл бойы атқарған жұмыстары суреттер арқылы көрсетіліп, «Кімнің есінде?» деген қызықты тапсырма орындалды. Екі жыл ішінде орталық жамағатының атқарған іс-шаралары көрсетілді, атап айтсақ, 9 мамыр күнгі ардагерлерге көрсетілген құрмет, орталық ішінде ұйымдастырылған ас әзірлеу, орамал тағу тәсілдеріне арналған шеберлік сағаттары, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында қысқы коньки жарысы, йога жаттығулары, табиғатқа қамқорлық, соның ішінде, әр жыл сайын егілген қырыққа жуық түп ағаш пен гүлдер, араб тілі әліппесін үйреніп, Құран оқу қадамын бастаған шәкірттерге арналған тәж кигізу рәсімі, ең жас шәкірттер арасында ұйымдастырылған дұғалар сайысын ерекше атауға болады.
Мұсылман үшін қадірлі болған Рамазан айы бұл орталықта айрықша көңіл-күймен аталып өтіледі. Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Сыдықова Ақзипа Төремұратқызының бастауымен жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар беру дәстүрге айналған. Осы мақсатта екі жылда да «Нұрдәулет» мешітінің жанындағы «Дәстүр үйінде» ас берілді.
Шәкірттер тек қана қуанышпен бөлісіп қоймай, қиындыққа душар болған жандарға қол ұшын созуға да әзір. Мәселен, 2017 жылы көктем маусымында қаладағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға жамағат тарапынан рухани және материалдық көмек көрсетілді. Ал енді орталыққа кеңес сұрап келген, шырқы бұзылған жанұяларды татуластыру арқылы ұстаздар мен шәкірттер арасындағы апа, әжелер көмекке мұқтаж жандардың алғысына бөленуде.
Осы секілді барлық атқарылған істердің нәтижесі жыл сайын хатталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қайырымдылық шаралары, үгіт-насихат және діни сауат сабақтары бағыттары бойынша есеп беріліп отырады. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда да Ақтөбе облысы алдыңғы қатарлы 6 облыстың құрамына кіріп, біріншілік қатарынан көрінді. Республикалық әйел-қыздар секторының меңгерушісі Тілегенова Ақбөпе Қанатқызы Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен және Шымкент облыстарының арасында үздік деп танылған Ақтөбе облысына алғыс жариялады.

Комментарии закрыты.