34

ӨНЕРЛІ ҚОЛ – БАҚЫТҚА ЖОЛ

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығының маманы әйел жамағатына тігін курсы нәтижесінде берілген сертификат табыстау шарасына қатысып, қыз-келіншектермен сұхбаттасты. Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес «Жарық» ақпараттық кеңес беру орталығының ұйымдастыруымен әйел жамағаты түрлі шеберлік курстарына қатысып жүр. Солардың бірі «Zigzag» оқу орталығында киім пішу және тігу курсын 1 ай оқыған қыз-келіншектер алған білімдерін практикалық тұрғыдан бекіте түсті. Тігін курсының оқытушысы Гүлфара Асхатқызының айтуынша, оқу бағдарламасында көйлек, шалбар, белдемше сынды үш түрлі киім үлгісін пішу және тігу жоспарланған. Соған сәйкес қатысушылар өздеріне шақтап киімдер тігіп, қолөнердің қыр-сырын меңгеріп шыққан.
Осы іс-шараларды ұйымдастырушы «Жарық» ақпараттық кеңес беру орталығының басшысы Дүйсенова Айгүл Егізбайқызы – 2000 жылдардың басынан бері зәбір көрген әйелдерге көмек беру орталығы, аналар үйі секілді қыз-келіншектерге арналған көптеген жобалардың авторы. Ал осы ағымдағы жылы «Жарық» орталығы мемлекеттің қолдауымен өз кәсібімен айналысуды қалайтын әйел жамағатына арнап кулинария, массаж, гинекологиялық кеңес беру, шаштараз, бассейн, фитнес курстарын ұйымдастырды. «Мақсатымыз – қыз-келіншектерді қоғам өміріне араластыру, өз кәсіптерін ашып, табыс табуына ықпал ету. Курсқа қатысушылардың белсенділігі мен ұйымшылдығына оқытушылар жоғары баға беруде. Бізбен бірге осы жұмыстарды бірге атқарып жүрген мешіт ұстаздарына алғыс айтамын, бұл курстардың нәтижесін көріп отырған басқа да қыз-келіншектер оқуға ниет білдіріп, өздері хабарласуда. Курсты тамамдаған қатысушыларымыздың жаңадан келушілерге шеберлік сағаттарын өткізуін қамтамасыз ету алдағы жоспарымызда бар,»-дей келе А. Дүйсенова қатысушыларды оқудың аяқталуымен құттықтап, мамандандырылған курс сертификатын табыстады.
Өз кезегінде сөз алған ҚМДБ Ақтөбе облысындағы әйел-қыздар секторының өкілі Диляром Бектаева: «Бүгінгі бас қосу отыз күн ораза ұстап, енді айт мерекесін тойлап жатқандай сезімін білдіруде. Бір ай бойы төзім мен еңбекқорлық танытып алған білімдеріңіздің нәтижесін көріп отырмыз. Енді осымен тоқтап қалмай, әрі қарай білім мен тәжірибелеріңізді шыңдауларыңызға тілектеспін,»-деп игі ниетін білдірді.
Осы тігін курсына қатысушылардың бірі бұған дейін де кулинария және бассейнге барғанын, бұл ортада жаңа достар тауып, ұстаздармен ашық әңгіме құруға мүмкіндік туғанын айтып алғысын жеткізді. Оның айтуымен бірнеше туысы, құрбысы да осы тігін курсы туралы естіп, бірге білім алып шыққандарын баяндады. Тағы бір жас келіншек отбасында енесі тігіп үйретемін десе де, оған илікпей, осы жерге келгенін, кейін өзі де үйрене бастаған соң, қызығушылығы оянып, білмегенін үйде енесінен сұрап, онымен ортақ тіл табысып кеткенін, соның нәтижесінде қазір қарым-қатынастарының жақсарғанын айтып ұстаздарды бір қуантты.
Шара соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар ұсыныстарын ортаға салып, алдағы уақытта арнайы киімдер тігу, сән үлгісін ұйымдастыру, мұқтаж жандарға киім тігіп беру арқылы көмек көрсету секілді жоспарларымен бөлісті.

Комментарии закрыты.