nSg-8CRFUEE

ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫНА АРНАЛҒАН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

«Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының ұйымдастыруымен «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының психологы Эльмира Қайырғалиқызы психологиялық семинар-тренинг өткізді.
Ақтөбе қаласындағы Әйелдер сауат ашу орталығында өткен бұл шараға мешіт жамағаттары, өңіріміздегі арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері, әр түрлі мамандық иелері, соның ішінде, жас мамандар қатысып, белсенділік танытты.
Тренингтің тақырыбы тайм-менеджмент, яғни уақытты қалай тиімді қолдана аламыз деген мәселеге арналды. Шараға жиналған әжелер мен қыз-келіншектер алдарына қойған мақсатқа жету жолында күнделікті істерін қалай реттеу қажеттігі жайлы жан-жақты мәлімет алды.
Қатысушылар тренинг барысында «Өмір шеңбері», «Жоспар құру» және «Менің ойым» секілді тапсырмалар мен қызықты ойындарға белсене қатысып, психологтың сұрақтарына ашық жауап беру арқылы өздері қиын деп ойлап жүрген мәселелерін басқа қырынан тани түсті.
Шара барысында ең жас қатысушы – Өмірзақ Сындар Төлегенқызы ақын Алмас Темірбайдың «Уақыттың қадірі» атты өлеңін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Уақытты дұрыс басқару жайлы түрлі психологиялық зерттеулердің нәтижелерімен танысумен қатар, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ортақ талқыға салды. Шараны қорытындылау сәтінде қатысушылардың тарапынан осы секілді психологиялық семинар-тренингтер жиі болса және де семинардың тақырыбы алдағы уақытта бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құра білу, шешен сөйлеп үйрену және тағы да басқа маңызды мәселелерге арналса деген ұсыныстарын білдірді.
P.S. Әйелдер сауат ашу орталығында ұйымдастырылатын дәріс, семинарлар кезінде ересектермен қатар балаларға арналған арнайы бағдарламалар бойынша шаралар өткізу қарастырылған. Құрметті аналар, өзіңізбен бірге балаларыңыз да бірге дамысын десеңіз, орталықта өтетін шаралардан қалмаңыздар!

Комментарии закрыты.