5ff58c4e-166a-49b8-b9db-106a0563a932

ИСЛАМ ТҰРМЫСЫНЫҢ ЖЕҢІЛДІГІ МЕН ИСЛАМ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ТЕРЕҢДІГІ

Шалқар ауданы және елдімекендеріне «Аңсар» орталығының теолог маманы Нұрлыбек Панабайұлы 2 күндік іссапарда болып, жамағатқа және мекеме қызметкерлеріне «Ислам тұрмысының жеңілдігі мен ислам ғылымының тереңдігінің» аражігін ажыратып, теологиялық түсініктеме берді.

Ислам тұрмысы мен ғылымының айырмашылығын түсінбеу діни сауатсыздыққа жол ашып, түрлі теріс ағымдардың жайылуына сеп болып отыр. Мәселенің айырмашылығын оқырмандарымызға да ұсынамыз:
– Ислам дінінде түрлі жағдайда, адамның хәліне байланысты жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы: үзірлі адамның намазы, су болмаған кезде таяммум алу, т.б. Бұл ережелерді ұстану «ислам тұрмысы» болып табылады. Хадисте: «Қуантыңыз, қорқытып қашырмаңыз! Жеңілдетіңіз, ауырлатпаңыз!» (аль Бухари, Муслим) делінеді. Бұл хадис дінде шектен шығушылыққа бейім жандардың үнемі жадында болуы тиіс.
– Дегенмен бұл жеңілдіктер, дінге немқұрайылылықпен қарауға, әсіресе ислам ғылымына атүсті қарауға құқық бермейді. Қазіргі таңда, кейбір топтар 3-4 кітапты оқып, бірнеше аудио, видео дәрістерді тыңдап, өз алдына жамағат құрып, дін ғылымындағы үлкен мәселелерде өз бетінше шешім шығарумен айналысуда. Білімі жетпеген адамның ислам ғылымына араласып, өз бетімен оқусыз шешім шығаруы үлкен қиындықтарға әкеліп соғады.

Ислам ғылымы өте терең әрі күрделі. Хадисте «Ғалымдар – Пайғамбарлардың мирасқорлары» деп келуі де исламдағы ғылымның және шынайы білім иелерінің маңызды орнын көрсетеді. Дін саласында қандай да бір сұрақтарыңыз болса, білім иелеріне жүгінгеніңіз жөн.

Бұдан бөлек «Мұсылманның бауыры алдындағы міндеті», «Діни тұрақтылық – жамағаттың бірлігі», «Экстремистік топтардың белгілері», «Діни ахуалды тұрақтантыру», «Жақсы мінез – жақсылықтың басы» тақырыптары айтылды. Кездесулер «Ішкі істер басқармасының» кызметкерлерін, «Матай Қоқанұлы мешітінің» жамағатын, «Біршоғыр ауылдық әкімдігін» қамтыды.

Комментарии закрыты.