83870974_2497162577278868_5021162827423940608_n

АҚТӨБЕДЕ АЛҒАШ РЕТ «КИМЕШЕКSTYLE» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Ақтөбе облысының дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының ұйымдастыруымен #бүкіләлемдік_орамал_күніне орай «КимешекStyle» фестивалі өтті.
⠀⠀⠀
Фестивалде қазақ ұлттық бас киімдер тарихы кеңінен айтылып, жас ерекшелігіне байланысты киілетін бас киімдер таныстырылды.»Аңсар» ақпараттық талдау орталығының мамандары қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық бас киімдері туралы тың мағлұматтар беріп, жас ерекшеліктеріне сай бас киім үлгілерімен таныстырды. Теолог маман Роза Бақытқызы келіндер мен әжелердің кимешек кию ерекшеліктеріне тоқталды. Кимешек түрлері: орама кимешек, қатырма жаулық, шылауыш туралы ақпарат беріліп, жас келін перзентті болғанда жасалатын «Кимешек кигізу салты» туралы айттылды. Жас келін ана атанғанға дейін желек жамылып жүрген екен. Орталықтың психолог маманы Эльмира Қайырғалиқызы ұзатылған қыз киетін, аса бағалы, биік төбелі салтанатты бас киім – сәукеле туралы ақпарат берді. Өз кезегінде Гүлзат Мұратқызы қасаба, тақия, кәмшат бөрік, қарқара сияқты қыздар бас киіміне тоқталды. Қасаба-артында желегі бар аса ұқыптылықпен, зерлі тігістен басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңгелер, маржан тастармен әшекейленетін бас киім. Қасаба көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін баскиім саналған.⠀⠀
«КимешекStyle» фестивалінде дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, ұмытылып бара жатқан салт-сананы жаңғырту мақсатында әжелер тобы «Ерулік» салтын көрсетіп, әйел затына тән әшекей бұйымдардың тарихын, мән-мағынасын түсіндірді.
Сәні мен салтанаты келіскен келіндер бауырсақ, жент, жаппа және саумалды дастарханға ұсынып, қара сөзбен де өлең шумақтарымен де ұлттық тағамдардың жасалу жолын таныстырды. Бұдан бөлек, дін мен дәстүр тұрғысынан викториналық сұрақтар қойылып, мақал-мәтелдер сайысы өтті. Білімді сынайтын бұл сайыстар қазақтың әр сөзінің, әр атауының астарында ерекше мән-мағына жатқандығының айқын көрінісі болды. Әлем халықтарының ұлттық бас киімдері «Орамал галереясында» таныстырылды.

Комментарии закрыты.