a87ec7c7-6fc9-49f0-b2cd-b37678ed61ca

«Аңсардың» мақсаты — шын ниетпен көмектесу

Еріктілер жылы

Бүгінде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл сайын артып келеді. Еріктілік — жастардың белсенділігін танытып қана қоймай, адамдарға көмек көрсетіп, тәжірибе жинауға, әлемді жаңа қырынан ұсынуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Облысымызда түрлі бағыттағы еріктілер қозғалыстар мен ұйымдар бар. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Солардың бірі — бос уақыттарын игі істер атқаруға жұмсайтын «Аңсар» еріктілер тобы.

Жастар жылында жүзеге асқан жоба

«Аңсар» еріктілер тобы былтыр Жастар жылы аясында облыстық дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылды. Бүгінде топ құрамындағы 50-ге жуық жас жақсылық жасау жолында өз үлестерін қосуда.

— Орталықтың негізгі бағыттарының бірі — жас ұрпақты түрлі теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру. Жастар арасында түрлі форматтағы рухани тәрбие, мәдени, спорттық, шығармашылық және қайырымдылық шараларын жүзеге асыру арқылы деструктивті  діни идеологияға  қарсы  иммунитетті  қалыптастыру. Бұған дейін орталық тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен ғана шектеліп келдік. Енді жастардың түрлі қызығушылықтарын ескере отырып, олармен байланыс орнатуды қолға алдық. Бұл мақсатта былтыр арнайы еріктілер тобын құру туралы ой келді. Бұдан соң әлеуметтік желілерде хабарландырулар тарата бастадық. Өз еркімен еріктілер қатарына қосылғысы келетін қыз-жігіттер жиналып, 1 наурыз күні «Аңсар» еріктілер тобы құрылды. Олардың басым көпшілігі — студенттер.

«Аңсар» деген сөздің өзі көмекшілер, қолдаушылар деген мағынаны білдіреді.  Қасиетті Мәдина қаласының тұрғындары, Алла елшісі мен оның сахабалары қоныс аударып келгенде, оларды азық-түлікпен, баспанамен қамтамасыз етіп, көмек көрсеткен. Бұл адамдарды «аңсарлар» деп атаған. Яғни, біздің топтың мақсаты да осы, — дейді «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншин.

Ерікті болу жасқа қарамайды

Аталған еріктілер тобы аз уақыттың ішінде көптеген шаралар ұйымдастырып, жақсылықтың жаршысы бола білді. Мәселен, бірқатар қайырымдылық турнирлері ұйымдастырылып, шарадан түскен қаражат көмекке мұқтаж отбасыларға таратылды. Мәртөк ауданындағы Жетім балалар үйіне барып, дастарқан жайып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Осылайша, жастар бір сәтке болса да, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ қыс айында Ақтөбе қаласындағы «Астана» сауда үйінің маңында тұрғындарға ыстық шәй мен бауырсақтар үлестірді. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілердің көмегімен балаларды мектепке қажетті киім-кешек, құралдармен қамтамасыз етті.

— Қасиетті Құранның «Мәйда» сүресі 2-аятында: «Бір-біріңе жақсылыққа және тақуалыққа көмектесіңдер…» делінген екен. Бұл — аңсарлықтардың негізгі ұраны. Әр еріктінің басты міндеті — шын ниетпен көмектесу. Өзгеге жақсылық жасау — адам табиғатына тән нәрсе. Оның үстіне халқымыз кашанда қайырымдылықтан кенде болмаған.

Өткен жылы жастарды кәсіпкерлікке баулу, тың идеяларын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық шараларға тарту, білімге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында зияткерлік сайыстар өткізілді.   

Еріктілердің қатысуымен Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада әр аптаның сенбі күндері «Кейіпкермен сұхбат», «Оқырман ойы» шығармашылық шаралары жүзеге асырылды. Сондай-ақ ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында «Бабалар мұрасы — бізге аманат» зияткерлік сайысы өтті.

Алға қойған жоспарларымыз да көп. Жақында «Санаңды сақта, жас ұрпақ!» атты жоба бекіттік. Бұл жобаның мақсаты — бәсекеге қабілетті жастардың алаңын құру, оларды білімге, еңбекқорлыққа тарту. Аталған жоба аясында жыл бойы рухани, мәдени, спорттық, зияткерлік, қайырымдылық шаралар жоспарланды. Жақсылық жасауда шек жоқ. Кейде үлкен кісілер де еріктілер қатарында болуға ниет білдіріп жатады. Ерікті болу жасқа қарамайды. Ең бастысы — ниет, — дейді орталық басшысы.

 

Ең үздік дәстүрлі волонтерлар

«Аңсар» еріктілер тобының жетекшісі Мейрамбек Шекернаев қайырымдылық жасау — әр адамның бойынан табылатын ізгі қасиет екендігін айтады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті бос уақытында еріктілер жұмысына белсене араласады. Биыл ол 13-14 ақпан күндері Еріктілер жылына орай Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін форумға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

— Ерікті болу дегеніміз — қоғамға қажет екеніңді сезініп, адамдарға пайдаңды тигізу. Сол арқылы білімің мен икемділігіңді үнемі жетілдіріп отыру. Былтыр «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының инстаграм желісіндегі парақшасынан еріктілер тобын құру туралы хабарландыруды естіп келдім. Бір жылға жуық уақыттан бері осындағы шараларға тұрақты түрде атсалысамын. Негізінен, еріктілердің көпшілігі өзіміз сияқты студент жастар. Бәріміздің ниетіміз — көпшілікке қол ұшын созу. Біздің топ негізінен ағартушылық мақсатта жұмыс істеп, сауатты жастар қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін топ ретінде қалыптасып келеміз.

Қарттар үйіндегі үлкен кісілердің көңілін көтеріп, балалардың жүздеріне күлкі сыйлаудың өзі жанды жадыратады. Қоғамға пайдалы болу —  басты мақсат. Неғұрлым жақсы ортада жүретін болсаңыз, күнделікті іс-әрекеттеріңіз арқылы ойлау жүйеңіз қалыптасады, — дейді Мейрамбек Шекернаев.

Еріктілер тобы өткен жылдың соңында облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.  Сондай-ақ «Ең үздік дәстүрлі волонтерлар» атағына ие болды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК

Комментарии закрыты.