93566014_2562745917387200_43704702440833024_o

ОНЛАЙН РЕЖИМІНЕ КӨШКЕН ДІНИ ҚЫЗМЕТТЕР

— Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов төтенше жағдайға байланысты діни шаралар онлайн форматта өткізіліп жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты KAZISLAM порталына «Ақтөбе облысының дін істер басқармасының» басшысы Тұралиев Әлімбек Жәнібекұлымен телефон арқылы пікірін білдірді. — Әлібек Жәнібекұлы, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе облысының дін істер басқармасы қандай шаралар қолдануда? — Елдегі жағдайға байланысты, Ақтөбе облысының дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы толықтай online режимге көшті. Ғаламтор кеңістігінде сенімді діни ақпарат базазын дайындау жұмысы күшейтілді. #Online_ATT форматында дүйсенбі-жұма аралығында тұрақты түрде инстаграм парақшасында дәрістер өткізілуде. Республикалық дәрежедегі білікті теологтар Асқар Сабдин, Төлеген Талдыбаев, Рауан Чингужанов, Қанат Алшынбаев дәріс өткізді. Алдағы уақытта «Нұр Мүбарак» ЕИМУ ұстаздары Қ.Жолдыбай, Ж.Сандыбаев сынды теологтарды осы жобаға тарту жоспарымызда бар. Сонымен қатар облысқа қарасты 12 ауданда дін мәселелері жөнінде инстаграм парақшалары жұмыс жасайды. Барлық ресми діни парақшалар «Аңсар» орталығының «Жедел чат» ватсап группасы арқылы басқарылып, күн сайын ақпараттармен қамтамасыз етілуде. Сәуір айының 1-нен бастап «Аңсар» орталығы мен аудан парақшаларында 49 тікелей эфир ұйымдастырылып, оны 5000-ға жуық адам тамашалаған болатын. Екіншіден, әйел жамағатына арналған жұмыс жоспарына сәйкес әр аптаның дүйсенбі күндері «Психология», «Оқырман ойы», «Ислам және тұлға» тақырыптары бойынша тікелей эфир көрсетіледі. — Қазір барлығы үйде отырғаннан кейін осыған қатысты арнайы шаралар өткізесіздер ме? Иә, қазіргі жағдайды ескеріп, барлығы отбасымен үйде болғандықтан «Аңсар» орталығының @ansar_aqparat инстаграм парақшасында 31-наурыз бастап «Жанұя шаттығы» online байқауы өткізілуде. Сайыстың хабарландырулары 25 мекеменің әлеуметтік желілерінде, жамағат группаларында жарияланды. Сайыстың бірінші саны «Отбасымдағы берекенің кілті» тақырыбына арналып, оған 21 адам, екінші аптасында «Қазыналы қарттарыма» 13 адам қатысты. Ал байқаудың үшінші аптасында «Ана қадірі – тірлік қадірі» тақырыбында сайыс өткізілді. Әр аптада үздік шыққан жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Аталған сайыс мамыр айына дейін жалғасады деп ұйғардық. — Әлібек аға, қазіргі таңда карантинге байланысты діни ұйымдар өз жұмыстарын тоқтатты. Енді бұрын мешіт, шіркеулерден ақпарат алатын жамағат өзінің сұранысын қалай өтеп жатыр? — Жамағат мешітке, форум, семинар, кездесулерге бара алмаса да, рухани азық іздеуін тоқтатқан жоқ. Ғаламтор кеңістігінен іздеуде. Тіпті ғаламтордағы ақпаратты бұрынғыдан 2-3 есе көп пайдалануда. Ал интернеттегі барлық ақпарат дұрыс деп айта алмаймыз. Бұл кезеңде ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, сенімді діни ақпарат көптеп таралуы қажет. Осы себептен әлеуметтік желілерде сенімді діни ақпаратты таратуды күшейтіп жатырмыз. — Сонда қандай сенімді ақпараттар таратып жатырсыздар? Атап айтқанда, дін ұстанушы азаматтарға (жамағаттарға) арнап «Аңсар» орталығының «Ansar Media» студиясында бейнесұхбаттар түсіріп, «Аңсар» діни танымдық бағдарламасын жүргізіп жатырмыз. Студияда «Аңсар» орталығының теологтары және психологтары, атап айтсақ Н.Разақов, Т.Талдыбаев, Н.Жаншин, Н.Такеев, Н.Панаев, Қ.Имағанбетов, А.Амангелдиев секілді мамандармен 3-5 минуттық бейнероликтер түсірілді. Олар «Аңсар» орталығына, Ақтөбе облысындағы мемлекеттік мекемелердің ресми әлеуметтік желілеріне, жамағат группаларына таратылуда. Сонымен қатар, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы жанынан «ad-Daru al-ilmi» діни дәрістер ютуб каналы ашылды. Бұл арнаның ашылуы Ақтөбе облысының жамағатына сенімді діни ақпаратты қолжетімді етуді көздейді. Каналда теолог Төлеген Өмірзақұлының және Азамат Миржанұлының арабшадан аударма жасау арқылы ақида, фиқһ мәселелерін түсіндіретін дәрістер жинағы көрсетіледі. — Жұмыс істеуге кедергі келтіріп жатқан қандай да бір қырлары бар ма? — Иә, техникалық жағынан қиындық тудырып жатқан тұстары бар. Өйткені халық жаппай ғаламторды пайдаланып жатқан соң, желінің әлсіздігін айтуға болады. Online форматта көп адамды қамти алғанымызбен, бетпе-бет жүздесудің өз артықшылығы бар. Себебі, аудиториямен кездесіп жұмыс істегенде, оның кім екенің, қандай мақсатпен келгенін аңғарасың. Ал әлеуметтік желі арқылы хабарласқанда, оның ар жағында нақты кім отырғанын білмеу сенімсіздік тудыртады. — Online форматында жұмыс істеудің басқа қандай ерекшелігін байқадыңыз? — Тікелей эфирді офлайн семинармен салыстыратын болсақ, семинарға шамамен бір мақсатта жиналатын аудитория қамтылатын еді. Және аудитория дәрежесіне сай қажетті тақырып төңірегінде әңгіме өрбитін. Ал online форматта әртүрлі аудитория қамтылғандықтан, бірнеше тақырып сөз болады. Бұл онлайн режинің негізгі ерекшелігі десек те болады. Қатысушылар эфирлерден соң ризашылықтарын білдіріп, «Тұрақты өткізсеңіздер, теледидарға шықсаңыздар. Қазіргі таңда халыққа рухани азық ауадай қажет»,- деп жазатындардың саны артты. Бұл бұрын біздің семинар-дәрістерге, мешіттерге көп келмеген, не белгілі бір себептермен бармаған аудиторияны да қамтығанымызды көрсетеді. — Төтенше жағдай кезінде Ақтөбе облысында терроризмге байланысты қылмыс тіркелді ме? Немесе терроризмді алдын алу үшін қандай шаралар ұйымдастырасыздар? — Төтенше жағдай уақытында терроризмге қатысты жағдайлар орын алған жоқ. Алайда аталған мәселені болдырмау мақсатында тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып жұмыс жасап жатырмыз. Жыл басынан бері атқарылған қызметтердің нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 453 бабының 1 бөлігі бойынша дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде сақтағаны үшін 5 азаматқа 55 560 теңгеден айыппұл салынды. Сондай-ақ, дін істері басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде ҚР дін саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 бабы бойынша Ақтөбе облысының 7 азаматына айыппұл салынды. Атап айтқанда, 490 баптың 2 бөлігі 5 азаматқа яғни заңды діни қызметке кедергі келтіргені үшін (мешітте намаз оқу барысында «Әмин» дұғасын дауыстап айтқаны үшін) 92 785 теңгеден, 490 баптың 3 бөлігі бойынша заңсыз діни әдебиеттерді таратқаны үшін 1 азаматқа 126 250 тг және 490 баптың 3 бөлігі бойынша миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 1 азаматшаға 253 500 тг көлемінде айыппұл салынды. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

— Әдетте қайырымдылық шаралары үзілмей өтіп жататын еді. Енді қалай жұмыстар жүріп жатыр? — «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы жанынан 2019 жылдың наурыз айынан бастап «Ansar volunteer» еріктілер тобы жұмыс жасауда. Төтенше жағдайға байланысты қала сыртындағы жол тосқауылында тұрған қызметкерлерге, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Осы айда еріктілеріміз 9 отбасына қайырымдылық көрсетті.
— Әңгімеңізге рақмет!

АВТОРЫ:Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Комментарии закрыты.