IMG-20200428-WA0121

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРПЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІ

Көпшілік қазақтың салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының сырларын толық түсінбей, біреу «шаманизм қалдығы» десе, енді бірі «бұл тәңіршілдердің тәртібі» десе, кейбіреулер мұрнын шүйіріп өзінің ұлттық салт-дәстүріне жатырқай қарайды. Ал кейбір азаматтар қара басының пайдасы үшін, яғни ақша үшін бұрмалап басқа қырынан көрсетіп жатады. Осыған орай шамамыз жеткенінше мағынасын толық білетін әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерге тоқталып анықтама бергіміз келіп отыр.

АСАТУ

Асату (дәстүр). «Есет атам ет асатар, Ет асатса, бес асатар» (Жаңылтпаш). Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асататын болған. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз»— деп, қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Себебі қазақ келген қонақты «Қырықтың бірі қыдыр» деп біліп, ол адамның қолынан ет асау- берекет деп білген. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С. Мұқанов кең насихаттап, қолданып, жалғастырып отырған.

АТ ҚОЮ

Қазақ отбасында нәрестенің дүниеге келуіне байланысты қазақ халқы ат қоюға ерекше мән берген. Бала дүниеге келгеннен кейін нәрестеге үш күннен кейін атасы мен әжесі немесе ауыл ақсақалы, кейде үлкен қуаныштың үстіне келіп қалған «құтты аяқ» құдайы қонақ балаға ат қояды. Ат қою дәстүрінде халықтың ұлттық ерекшелігі, наным түсінігі, салт-санасы, арман-мүддесі айқын көрінеді. Ерте заманда қазақ елінде қалыптасқан дәстүр бойынша ат қоюшы адам баланың құлағына: «Сенің атын … (баланың аты айтылады)», – деп үш рет қайталайды. Ат таңдаған кезде шариғат үкімдері, түрлі ырымдар, түсініктер, тілектер ескеріледі. Қазіргі таңда ат қоюды мешітке нәрестені алып барып немесе мешіт имамын арнайы үйге шақыртып қойғызады.

АУЫЗЫНА ТҮКІРТУ

Ауызына түкірту (ырым). Ертеден келе жатқан ырым бойынша қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа белгілі адамдарға жас сәбидің ауызына түкіртіп немесе оның отырған орнына аунатып алатын болған. Оның мақсаты – сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған. Бұл ырымды да қазақ даладан алған жоқ, оның негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немересінің таңдайына құрманы шайнап салуы.

АШАМАЙҒА МІНГІЗУ

Ұл бала қара табан болып, жетіге дейінгі жерден жейтін таяғынан құтылып, кез- келген қурай мен шыбықты ат қып айнала шаба бастасымен өзі құралпы қыздардан бөліне бастайды. Есіл-дерті дүзге, малға ауады. Ал қыздар көбелек қуып, қуыршақ жасап, сұлу көрініске үйір болып, үйден ұзамауға тырысады.
Қашан да тағдырын малға сүйейтін қазаққа осы малды бағу үшін бала керек. Бала болғанда — ұл.
«Бір ұлы бардың бір ру елде малы бар, екі ұлы бардың екі ру елде малы бар. Үш ұлы бардың төрт ру елде малы бар. Бес ұлы бардың төбеден салған жолы бар, алты ұлы бардың Алладан басқада несі бар» деп Еркенекті Саршуаш би айтқандай, казақ үшін баланың көптігі жақсы. Баласы көп болса, той-томалақты да көп жасайды. Олардың тез ер жетуіне асығады. Біз сөз етпек ашамайға мінгізу осы асығыстың алды.
Ашамай — ердің қарапайым түрі. Ағаштан жасалады. Кеңдігі баланың ауына лайық. Алды-артында ердің қасы сықылды сүйеніші бар. Үзеңгісі жоқ. Үстінде жұмсақ көпшігі болады. Осыны жуас атқа ерттеп, үстіне баланы мінгізеді. Ауып қалмасын деп ердің басына қол-аяғын байлайды. Сонан соң тізгінді балаға ұстатып, біреу атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң алысқа жетектейді. Сөйте-сөйте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды. Сонымен айналасы бір жетіде атқа жақындық қанында бар қазақ баласы ашамайды тастай сап ер-тоқымға мінеді. Үзеңгіге аяғы жетпесе, таралғыға салады.
Өмірінің қақ жартысы ат үстінде өтіп, ауы ерде тозатын, қамыт аяқ, қайсар қазақ алғашқы ашамайға мінгізу тойын өткізеді.
Бұл той әр әке-шешенің шама-шарқына қарай болады. Байлар ірі-қара сойып кәдімгідей той жасайды. Кедейлері бүйрегі бітеу, ұлтабары толатындай майы бар лағын сойып, көршілеріне ырым жасайды. Әулеттілер күзде бие ағытып, сірге жияр бергенде бір құлынға ен салып, ашамайға мінген баласына бәсіре атайды. Жоқтар қолындағы бір биесінің келешекте туылатын құлынын алдын ала атап қояды.
Қазақ үшін алдымен ашамайға, артынан тай-құнанға міну ат жалын тартты деген сөз — азаматтың бастамасы. Өйткені қазақ баласы ұдайы жаугершілікте өскендіктен бе, әлде көшпелі өмірдің өзі қалыптастыра ма өмірге ерте бейімделеді. Ерте үйленеді. Мал соңынан ерте ілеседі. Бұл тіршіліктің бәрі бұрын қазаққа атпен бітетін. Сондықтан ашамайға мінгізу ерекше аталады, Осы ашамайға мінгеннен бастап ат құлағында ойнау, кебенек киіп, елдің шеті, боранның өтіне шығу, сауыт киіп, садақ ұстап жаумен шайқасу, бәрі-бәрі ашамайға мінуден кейінгілер. Бұған бейімделмеген бала ер жеткенде:
«Астына ала шолақ ат-мінгізсең, Алты ай мініп арытпас. Қолына қырық найза, оқ берсен, Дұшпанға бірін атып дарытпас» — дегендей көп ынжықтың бірі болып шығады. Ашамайға баланы мінгізіп көрші-қолаң, жақын-жуық жиналғанда бұрынғы даналардың жоғарыдағыдай көсем сөздері көп айтылады. Ондай ынжықтарға ұқсамасын деп үлкендер балаға бата береді. Ашамайға мінгізудің бір жағы баланы баулу болса, бір жағы осы батаны алу.

«Бауырына салу» немесе бала асырап алуда баласы жоқ адамдар балалар үйінен сәбилерді өз бауырына алу мен қатар балалар үйінен сәбилерімізді шетел азаматтарының асырап алуға әкететіндері де кездесіп тұрады.

Комментарии закрыты.