ansar_aqparat@p@B_ph8coFacp@0@0

Қазақтың әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі

Бауырына салу

Бауырына салу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни «бауырына салуы» ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралғылары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің, аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып» алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды.
«Бауырына салу» немесе бала асырап алуда баласы жоқ адамдар балалар үйінен сәбилерді өз бауырына алу мен қатар балалар үйінен сәбилерімізді шетел азаматтарының асырап алуға әкететіндері де кездесіп тұрады.

Базарлық

Базарлық (дәстүр). Алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

Байғазы

Байғазы (дәстүр). Байғазы — балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы қамшы, жаңа киім, ер-тоқым т.с.с) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ.
Қазіргі таңда көп жағдайда байғазыны жеңіл көлік, үй (пәтер) немесе көрнекті бір зат алғанда қайырлы болсын, жаңа үйге кіргенде үйінің іші құтты болсын деп жатады.

Бесік той

Бесік той (салт).Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» – қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы дайындайды.
Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағилармен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» басталады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жөргектен шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады. Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп, үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді.

Босаға майлау

Босаға майлау (ғұрып).— Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.

Біз шаншар

Біз шаншар (салт). Кең байтақ қазақ даласында салт-дәстүрдің қызықты түрлері көп. Соның бірі – «біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында «жаушы» осы «біз шаншар» салтын қалдырды. Бұл құда түсіп, сырға салудың бір түрі. Ақсақал, қарасақал аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды. Ел шаруасын, амандық білген болып қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдет бойынша ел ішінде бір топ адам былай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен отанасы қонақтар отырған жерден шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді.

Комментарии закрыты.