IMG-20200505-WA0046

«Аңсар» орталығының басшысы Нұрсұлтан Берікұлынан танымдық жазба.

@nursultan_zhanshin
———
ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Қарапайымдылық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Қарапайымдылық адамның барлық іс-әрекетінен, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, киген киімінен де аңғарылып тұрады.

Бұндай қарапайымдылықтың белгілерін әлемдегі ең бай адамдардың өмірінен байқауға болады.
Facebook желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің дәулеті $ 33 млрд болса да, күнделікте өмірде футболка, джинсы киіп, арзан дәмханалардан тамақтанады. Ал, Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Ма дәулеті $22 млрд бола тұра, соңғы 12 жылда айлық алмаған, қымбат көлігі мен яхталары жоқ. Тіпті қол сағат та тақпайды. Өйткені қолыңда смартфон болса, қол сағаттың қандай қажеттілігі бар дейді. АҚШ-тың ең бай кәсіпкері Microsoft басшысы Билл Гейтс $10 долларлық қол сағат тағады екен. Бұдан басқа да көптеген миллиардерлер мен мемлекет басшылары, атақшы футболшылардың қарапайымдылықтарын айта беруге болады…

Негізінен, қарапайымдылықты айтқанда адамзаттың асыл тәжі – Мұхаммед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) асқан үлгілі адамды таппаймыз. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Қарапайым адам – табысын халалдан табатын, мінезі жақсы, адамдармен жұмсақ мәміледе болатын және ешкімге жамандық жасамайтын, өте жақсы адам,» – деген.

Сүйікті пайғамбарымыз тақыр жерге отыра салатын. Құлдармен, пақырлармен, кедей-кепшікпен тең дәрежеде әңгімелесетін. Үй жұмыстарында әйелдеріне көмектесетін.
Аурулардың жағдайын сұрап, жаназаларға қатысатын болған.

Әбу Һурайра былай дейді: «Пайғамбардың бойында патшаларда болмайтын үш ерекшелік бар. Есекке мінеді. Кім шақырса соған барады. Жерге түскен құрманы сүртіп алып жейді». Пайғамбарымыздың бұдан басқа киім кию, тамақтану, жүріс-тұрысы, мінезі мен адамдармен қарым-қатынасы жайлы қарапайымдылығын жалғастырып айта беруге болады….

Персиялық ақын Жалаладдин Руми «Кеше мен əлемді өзгертуге тырысатын «өте ақылды» адам едім. Ал бүгін өзімді өзгертуге жұмыс жасайтын қарапайым адамға айналдым» деп өз ойының өзгергенін айтқан. Демек, өзіңді өзгелерден биік ұстамай, жаман қасиеттерді тыйып, жақсылыққа жаның құмар болғанда қарапайым бола аласың.

Алла Тағала баршамызды қарапайым құлдарынан етіп, осы рамазан айында ұстаған оразаларымызды, игі істерімізді қабыл еткей!

Комментарии закрыты.