IMG-20200505-WA0056

ИСЛАМДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ РӨЛІ

Исламды алғаш қабыл еткен мұсылмандардың көбі 10 жас пен 30 жас аралығын құрайтын жас сахабалар болатын. Мысалы, Әли 10 жасында, Зайд ибн Хариса және Талха 15-17 жас арасында, Абдуррахман ибн Ауф 17 жасында, Сағд ибн Әби Уаққас 16 жасында, Абдулла ибн Мәсғуд 16 жасында, Абдулла ибн Омар 13 жасында, Зүбәйір ибн Аууам 16 жасында, Мұсғаб ибн Умайыр 18 жасында, Осман ибн Аффан 24 жасында, Ибн Хұзайфа 30 жасында, Әбу Ғұбайда ибн Жаррах 31 (р.ғ.) жасында және т.б. жас ер-азаматтармен бірге, Фатима бинт Омар (халифа), хазіреті Әбу Бәкірдің Әсма және Айша деген екі қызы сынды жас қыздардың болғанын көреміз.

Яғни, алғашқы мұсылмандардың негізін жастар құрады.

Осы жас сахабалардың көпшілігі бай, даңқты отбасылардың балалары болғанына қарамастан, Алла елшісінің (с.ғ.с.) насихатына құлақ асып, қоғамда әділдік пен теңдіктің орнауына өз үлестерін қосуда еш нәрседен аянбады. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ру-тайпалық алауыздыққа, монополиялық жүйеге мызғымас имандарын ту ете отырып, қарсы тұра білді. Соның нәтижесінде көп ұзамай анархиялық жүйе бұзылып, өзара теңдік пен сыйластық бүрін жарып үлгерді.

Жастардың қоғамның негізгі бөлігі екендігін жете түсінген Алла елшісі (с.ғ.с.) оларға Ислам құндылықтарын жеткізудің әдемі тәсілін көрсете отырып, өркениетті орта қалыптастыру жолында әрбір жас сахабаға нақты міндеттер жүктеді. Әрі әрдайым жауапты істерінің маңызды екендігін ескерумен бірге, шабыттандырып отыруды да көңілден тыс қалдырған емес.

Жас сахабалар қоғамдық қандай маңызды істерге араласты? Нәтижесі қандай болды? деген сұрақты өзімізге қоя отрырып, өткенге үңілер болсақ, әскери қолбасшылық, ғылым-білім саласы, сауда-саттық және т.б. барлық салада алда жүріп жұмыс атқарғандарын көреміз.

Мысалы, Бәдір соғысында 21-22 жас шамасындағы Әли (р.ғ.) туды ұстап әскери қосынды бастайды, Мұсғаб ибн Умайыр (р.ғ.) 20 жасында Мәдина халқына ұстаздық етуге жіберілген. Ол бір жылдан кейін Меккеге жетпіс мұсылманды бастап келіп, Алла елшісіне (с.ғ.с.) кезіктіреді. Олар Алла елшісіне (с.ғ.с.) Мәдинаға һижрет етуін өтініп, бас-көз болатындықтарына уәде береді. Осыдан кейін мұсылмандар Мәдинаға һижрет етеді, дін нәсихатының кең таралуына жол ашылады.

Сауда саласы бойынша, Абдуррахман ибн Ауфтің (р.ғ.) көш басында келетіні белгілі. Ол Мәдинаға һижрет етіп келісімен жаңадан қайта саудаға кірісіп, мұсылмандық қаржы көзінің орнығуына ықпал етеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін де артында қалған отбасыларына осы сахабаның қарасып тұрғаны риуаяттарда келген.

Ал, Құранның жинақталу ісінде жас сахаба Зәйд ибн Сәбит (р.ғ.) хатшылық жұмысын атқарса, Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Үмметімнің ішінде халал және харамды ең жақсы білетіні – Муғаз ибн Жәбал (р.ғ.)» деген сияқты өзге жас сахабалар туралы да сүйіншілі хабарлары көп.

Демек, жас сахабалар жайлы осылай тізбектеп жаза берер болсақ, қоғамдағы әрбір саланың дамуында олардың үлесі ерекше болғанын көре аламыз.

Қорыта айтар болсақ, қоғамның негізгі бір бөлігі болған жастардың алары да, берері де көп екендігін естен шығармаған дұрыс. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Балаларыңа (жастарға) мейірім көрсетпейінше, мейірімге бөлене алмайсыңдар» (Бұхари, әдеп/18) деген. Яғни, жастарға мейірім қалай көрсетілмек? Оларды ешнәрсеге араластырмай, аялап үйде отырғызып қою ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Керісінше, олардың бойына адами құндылықтарды сіңіріп, көкірек көзін аша білу, жастарды өздері өмір сүрмеген уақыттың талаптарына жауап бере алатындай етіп дайындау.

Яғни, жастардың ой-санасы өмір сүрген уақытының талабынан алда жүріп отырмаса, бір күні діни әрі ұлттық, қоғамдық пікірі өзінен әлдеқайда озық адамға жолығатын болса, іштей өз құндылықтарынан жерініп, соның артынан кетіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, түрлі өнеркәсіптің көзін ашу арқылы өмірде оларға қажетті алғышарттарды алдыңғы буын ұсына білуі тиіс.

Міне, бұны хадистегі «өздеріңнен кейінгіге мейірімді болыңдар» сөзінің бір мәні деп ұққан жөн. Сондай-ақ, жастар рухани және материалдық қажеттіліктерін қатар алғанда ғана олардың үлкендерге деген құрметі болады.

Комментарии закрыты.