IMG-20200506-WA0013

Иманды жастардың сипаты

Қазіргі қоғамдағы иманды жастардың сипаты қандай болуы керек деген заңды сауалға хал-қадерімізше жауап беріп көрейік.

Біріншіден, Құдайдан қорқу

Алладан қорқу – адамзат бойындағы ең асыл қасиет. Алланың әрдайым бізді бақылап тұрғандығын сезініп, Оның жазасынан қорқып, сауабынан үміт етіп, ешбір қиянат пен қылмысқа, күнә мен обалға бармау. Бүгінде бүкіл қоғам осындай қасиетке ие жандарға мұқтаж екені даусыз. Халқымыздағы «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөздің мәні терең.

Екіншіден, ата-анаға жақсылық жасау

Адамның жарық дүниеге келуіне себеп болған ата-ананың өмірдегі орны айрықша. Ата-ананы қадірлеп, оларды Алланың рақымына бөленуге лайық деп білетіндер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар. Оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар, көңілін қалдырып налытқандар – келешегіндегі бақытын байлағандар. «Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Хақ Тағалаға қарсы келумен бірдей күнә», – дейді дін ғұламалары. Сондықтан, Алла Тағала өзіне құлшылық етуден кейінгі екінші орында ата-анаға жақсылық жасауды міндеттейді. Бұл жайлы Мұхаммед пайғамбар: «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың  ризашылығында, Алла Тағаланың ашуы ата-ананың наразылығында», – деп ескертеді.

Үшіншіден, білімді болу

Иманды жас білімді болады. Адам баласы тек білім арқылы ғылымды, дінді үйренеді, дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, ғылымды дамытады, болашағына жарқын жол ашып, келешекке бағыт белгілейді. Сондықтан, әрбір иманды жас парыздарын адал атқарып, мамандығын жақсы меңгеріп, халқымызға, елімізге пайда келтіруге ұмтылуы тиіс.

Дегенмен жастық шақ – нәпсінің күшіне мініп, құмарлықтың та қайнап тұратыны кезі болғандықтан, адамдардың көбі өткінші қызықтарға алданып, өмірінің ең жалынды кезеңін мәнсіз өткізіп алатыны өкінішті.

Төртіншіден, уақыттың қадірін білу

Иманды жас уақыттың қадірін біледі. Себебі, Жаратушының адам баласына берген баға жетпес, қайтып оралмас құндылықтарының бірі – уақыт. Уақыт біздерге тегін дүниедей көрінгендіктен, бағаламай жататын кезіміз көп. Уақытты босқа өлтіру, пайдасыз істермен айналысу қолыңдағы алтынды босқа шашқаннан да зиянды. Себебі, уақытты ештеңемен айырбастап ала алмаймыз. Судың да сұрауы бар, уақытты ұтымды пайдаланған адам барлық нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік табады. Алла Тағала бүкіл жақсылық пен нығметтерінен жауап алады. Соның ішінде ең алғашқы сұралатыны – уақыт пен өмір. Хазіреті Әли: «Уақыт – қылыш. Егер сен онымен шаппайтын болсаң, ол сені шабады» деген екен.
Бесіншіден, көркем мінезді болу
«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген данышпан Әл-Фараби. Сондықтан, жастардың біліміне сай мінезі биязы болса, нұр үстіне нұр. «…Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» дейді Абай атамыз. Жалпы әдептілік пен көркем мінез – адамның нағыз көркі.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жұбайы Айша анамыз: «Мен пайғамбардың былай деп айтқанын естідім: «Көркем мінезді мүмін адам дәреже жөнінен ораза ұстап, түнімен құлшылық еткен кісімен теңеледі» деген.
Әрине, жастарға артылар жүк жеңіл емес. Алланың берген тәуелсіз елін сақтап, жарқын болашаққа сүбелі үлес қосу міндеті тұр. Бүгін барлық мүмкіншілікті пайдаланып, еліміздің кемел келешегі үшін еңбек ету асқақ мақсаттарға жеткізеді. Жастар – елдің үміті, бабаларымыздың аманаты.

© Тұрар Әбуов, дінтанушы kazislam.kz сайты

Комментарии закрыты.