IMG_20200508_145742_031

МҰСЫЛМАННЫҢ БАЙЛЫҒЫ – БІЛІМ

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.

Абай атамыз осы бір шумақпен мағынасы терең ой салуда. Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат.

Алғаш түскен аят «Оқы» әмірімен басталды. Аяттың мағынасын жалпылама алып қарасақ, адам үшін пайдалы болған барлық ілім саласын оқып-үйренуді қамтиды. Тек дін ілімін меңгеру парыз да, зайырлы ілім алу керек емес деу – діннің талабына қайшы.

Алла Тағала Адам атаны жаратып, жер бетінде халифа ететінін періштелерге бұйырғанда, періштелер жер бетінде қан төгетін жаратылыс иесін жаратасың ба деп уәж айтады. Сонда Алла Адам атаға барлық нәрсені үйретіп, періштелерден артық еткен еді. Ислам – ғылым діні, мұсылманды білімге үндейтін дін. Оған дәлеліміз Құран Кәрімде 670 жерде ілім жайында баян етіледі. Құран араб тілінде түсті, бірақ ұлты араб болған жанның баршасы Құранды толық түсінеді деп айта алмаймыз. Өйткені Құранды ілім иелері ғана түсінетінін көптеген аятта айтып өтеді. Мәселен мына аятта: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – деген («Анкәбут» сүресі, 43-аят).

Ислам озық ой мен прогрестің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Ислам алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранды оқып меңгерумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Жаратушының құдіретіне саналы түрде бас идірді. Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттармен қоса өзге де ғылымға үндейтін аяттарды басшылыққа алған мұсылмандар Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғылым-білімге шақырған хадистерін негізге алып білімге ден қойды.

Мәселен, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт); «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни); «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мәжа); «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір соғысында қолға түскен меккелік тұтқындар ішінде оқу-жазу білетіндерге 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық бергені белгілі. Пайғамбар мешітінің шетінен қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған.

Мақала muftyat.kz сайтынан алынды

Комментарии закрыты.