IMG_20200510_215427_010

МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢЫЗ, МЕЙІРІМГЕ БӨЛЕНЕСІЗ

Ислам руханиятының төрінен орын алатын мейірім мен рақым тек адам баласымен ғана шектеліп қалмай, хайуанатқа да мейіріммен мәміле жасауға көңіл бөледі. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын дәрежеге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кез болды. Құдықтың ішіне түсіп, шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді. Әлгі адам өз-өзіне: «Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой» деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді». Сонда сахабалардың кейбірі: «Уа, Алланың елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сауап бар ма?» – деп сұрады. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар», – деді (Бұхари, Ширб 9). Бір күні Пайғамбарымыз ансар сахабаның бірінің бағына кірді. Ол жерде бір түйе байлаулы тұрған болатын. Түйе Пайғамбарымызды(с.ғ.с.) көргенде боздап, көзінен жас аға бастады. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйенің жанына барып, көз жасын сүртті. Түйе тынышталды. Расулалла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түйенің иесі кім?» – деп сұрады. Ансарлық жас жігіт: «Ол түйенің иесі менмін» деп ортаға шығып еді Пайғамбарымыз: «Алланың саған мүлік ретінде берген мына түйеге не істегенсің? Алладан қорықпайсың ба? Маған қара, түйең маған шағым айтуда. Сен оны аш қалдырып, көп шаруа жасатып, шаршатады екенсің», – деді (Әбу Дәуіт, Жиһад, 47).

Дініміз бойынша барша жаратылғанға мейірім мен рақым жасау, олардың мұқтажына ортақтасу – әрбіріміздің басты міндетіміз. Сондықтан шынайы қызмет көрсету – мейірім мен рақым есігі. Мақлұқатқа қызмет көрсете білген адам, өз бойындағы мейірімі мен рақымын толықтай айғақтады деген сөз. Осы себепті бір мұсылманның мұң-мұқтажына көмектесу, басына түскен түрлі қиындықтардан құтқару, Алла ризалығына жетелейтін амалдардың бірі болмақ.
.
©Дереккөз: muftyat.kz

Комментарии закрыты.