IMG-20200508-WA0026

АДАЛ АС – ЖАНҒА ДАУА

Рамазан – жан мен тәнді рухани тазартатын мектеп. Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы. Ал біздің жанымыздың рухани кемелденуіне әсер ететін факторлардың бірі – адал ас тұтыну. ⠀

Рамазан – ашығу айы емес. Асты тойып жейтін де мезгіл емес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзін есімізде ұстау маңызды: «Адамның өмір сүруіне аз ғана тағамның өзі жеткілікті. Асқазанның үштен бірін – тағаммен, екінші бөлігін – сумен, ал үшінші бөлігін ауамен толтырыңдар».

Ораза кезінде денсаулыққа зиян тимеуі үшін жеңіл қорытылатын тағамдар жеп, асты аз ішкен дұрыс. Себебі, тойып тамақтану организмге көп күш түсіреді, күні бойы шаршауға шалдықтырады. Мұнымен қоса ауыз ашқаннан кейін тарауық намазы кезінде ұйқы қысып, есеңгіретеді. Ораза кезінде дұрыс әрі адалынан тамақтансаңыз, ұйқы қысу, маужырау секілді сезімдерден арылып, төзіміңіз күшейеді.

Қасиетті Рамазан айындағы ең үлкен ерекшеліктің бірі – ас ішудегі қарапайымдылық. Яғни ас мәзірінде шектен тыс ысырапқа бой алдырмай, күнделікті жейтін тағамымыздан ерекшелемей, қарапайымдылық пен адалдықты ұстанған абзал. Ал дұрыс тамақтану тәртібінің басты қағидасы – шариғат шарттарына сәйкес адал ас тұтыну.

Алдымыздағы астың құрамына, неден, қалай дайындалғанына аса мән беруіміз керек. Бізге мол нығмет берген Раббымыз солардың тек адалын пайдаланып, арамынан аулақ болуды ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168 аят). Ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын); «Адал да белгілі, арам да белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға пайдалы екенін айтқан.

©Дереккөз: muftyat.kz

Комментарии закрыты.