IMG_20200512_145918_666

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ІРІТКІ ТУДЫРҒАН АҚПАРАТҚА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінде әлеуметтік желі мен ақпарат алаңында кейбір адамдар тарапынан қоғам арасында іріткі салатын жазбаларға, қасиетті кітабымыз Құранды мансұқтаған видео материалдарға, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келемеждеген жағымсыз бейнелердің таралуына наразылық білдіреді.

Себебі, соңғы кезде асыл дінімізге қатысты негізсіз, қаралауға бағытталған және діни, әлеуметтік араздықты тудыратын ақпараттар белең алып барады. Осыған қатысты еліміздің әр аймағындағы мұсылман жамағатынан Діни басқармаға наразылық хаттар мен шара қолдану туралы шағымдар келіп түсуде.

Ата дініміз исламды жоққа шығарып, Құдайға, Құранға және Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіл тигізіп, халық арасында іріткі салып, теріс пікірлерін жаюға тырысқан адамдарың әрекетіне шариғат тұрғысынан және заң тұрғысынан тиісті шара қолдануды сұрауда. Жақсылық пен сауаптың еселенетін айы рамазан кезінде мұсылман баласының ар-ожданына, сеніміне тіл тигізу сабырдың шегінен шығаруға түрткі болуда.
Адамзат баласын екі дүние бақытына жетелейтін қасиетті Құранды мансұқтау – ауыр күнә. Қасиетті Құранға қарсы сөз айту – Аллаға қарсы келу деген сөз. Құранды мансұқтап, қарсы шыққандардың ақыры жақсы болмағаны тарихтан белгілі.
ҚМДБ күллі мұсылман үмбеті үшін аса ардақты, Алланың соңғы елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келемеждеп, жағымсыз бейнелер салған адамдарға бұл әрекетін шұғыл түрде тоқтатып, мұсылмандардан кешірім сұрауды талап етеді.

Өзінің теріс ойы мен пиғылы арқылы дәстүрлі дінімізге жаулық тудырып, бабалар салған діни жолымызды жоққа шығарып, ел ішінде іріткі тудыруда. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дініміз бен сенімімізді қорлау жақсылыққа апармайды. Қасиетті Құранда: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).

Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан азаматтардың діни сенімдері мен ар-ожданына нұқсан келтіретін әрекеттер заң мен құқық аясында реттелетінін мәлімдейді.

Комментарии закрыты.