IMG_20200513_093710_609

Дін дегеніміз не? Діни әмір мен тыйымдардың қандай маңызы бар?

Дін дегеніміз не?

Әуелі біз дін сөзінің ұғымын біліп алғанымыз жөн. «Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал терминдік мағынасы болса, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды үйрететін, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді.
Дін – бүкіл әлемнің жаратушысы тек Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Иә, дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес. Алла елшілерінің міндеті – Жаратқаннан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу.
Дін – адамға екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның барлық іс әрекетін қайырымдылық пен ізгілікке бағыттайды.
Дін – пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уахиға сүйенбесе, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін «жасанды дін» деп аталады.

– Діни әмір мен тыйымдардың қандай маңызы бар? Шариғат заңының өзіндік шеңбері не үшін қажет?

– Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жібергенін қасиетті Құранда баян етеді.
Ұлы Жаратушының бар екеніне сенгенімен, Оған қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар пайғамбарлар арқылы жетіп тұрды. Өйткені адам сылтау мен желеу айтпау үшін әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі» («Ниса» сүресі, 165-аят).
Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағанын Құран баян етеді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (мүминдерге) қуанышты хабар жеткізуші (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» («Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).
Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермесе, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» («Исра» сүресі, 15-аят) деп анық ескертілген.
Демек, Ұлы Жаратушы өзінің дінін жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, ғылым докторы Смайыл Сейтбековтен «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталындағы Тұрар Түгелұлымен сұхбаттан үзінді.

Комментарии закрыты.