6e47df4a-342f-48ab-a008-1daab4466398

Еркіндік пен жауапкершілік

Қалау еркіндігі мен жауапкершілік мәселесін ақыл көзімен қарайтын болсақ, әділдіктің басты назарға алынғанын байқаймыз. Сондай-ақ, адамзаттың өмір сүру барысы бір-бірімен тікелей байланыста болғандықтан өзгелердің құқығымен санасуы заңдылық. Алла Тағаланың ғылым (білу), ирада (қалау) және құдірет (құдіреті жету) сынды кемел сипаттарының шағылысы іспеттес қалау еркін әркім толықтай қолдана алады, нәтижесі Алладан болады. Ал, Қадария ағымының, «адам бүкіл ісін Алла Тағалаға тәуелді болмастан тек өзі жаратады», және Жәбрия ағымының, «адам бүкіл ісінде ешбір еркі жоқ, тек Алла Тағаланың мәжбүрлеуімен ғана жүзеге асады» деген көзқарастары Әһлі сүннә уәл жәмағат сенім негіздеріне мүлде кереғар ұғым болып табылады.

Адам Жаратушы мен жаратылыс алдындағы міндетін сезіне отырып, адал атқаруы жауапкершілік делінеді. Ислам шариғаты бойынша, ақыл-есі толық, балиғат жасына толған әрбір адам жауапкер «Мукәллаф» есептеледі. Бұл әр қоғамда өзекті мәселе ретінде қарастырылатын адами қасиет. Ислам діні әр адамның қажыр-қайратына лайық жауапкершілік міндетін жүктейді. Қасиетті Құранда: «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пайдасына және істеген жамандығы өз зиянына» (Бақара сүресі, 286-аят) деп, адам шамасы келмейтін істен сұралмайтынын айтады. Алайда, дін адам баласының бойына жауапкершілік қасиетін қалыптастыра білуін басты орынға қояды. Сол себепті, баланы жеті жасынан бастап намазға баулып, он жасында намазға жығуды міндеттейді.
Имам Матуриди, «Адам бір істен нәтиже шығару үшін әрдайым сол істі ойлап, талмай еңбек етуі керек. Адамдардың қабілеті әртүрлі болғандықтан жетістікке жету оңай іс емес. Тіпті, жетістікке жету үшін кейде материалдық пайдадан да, өмірдің ләззатынан да бас тартуға тура келеді. Сол себепті, Алла Тағала әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы балаға намаз оқу сияқты ғибадаттарды үйретуге міндеттеді. Ол баланың жастайынан еңбекқор, табанды болып ер жетуіне, есейген шағында жауапты ісін тыңғылықты істеуінің кепілі. Сондай-ақ, бір ғимараттың салынуы яки кеменің жасалуы үшін соларды жасай алатын іскер, білімді адам керек. Білімсіз адамның қолынан бұндай үлкен іс келмейді. Ондай адам тек құл болуға лайық»[3] деп, ғылым-техниканы игеру үшін білім керек. Білім еңбекқорлықты, қайсарлықты талап етеді. Бұның барлығы діннің мақсаты. Сол себепті, шариғат әлі бұғанасы қатпаған баланы намазға бейімдеп, тәрбиеден тұратын білім кішкентай кезден берілу керектігін айтады.
Руханияты мен мәдениеті, экономикасы мен технологиясы қатар дамыған өркениетті қоғам қалыптастыру Жаратушының әмірі. Орта ғасырларда ислам ғалымдары әртүрлі ғылымдарды игеріп, адамзат игілігіне ұсына білді. Мысалы: Ибн Синаның медицина ғылымы жайлы «Шифа» атты еңбегі, әл-Хорезмидің алгебра ғылымы жайлы «әл-Жабр» атты еңбектері күні-бүгін медицина мен математика ғылымдарының негізі болып келеді. Өкінішке, орай Матуриди сынды терең ойлы ғалымдардың пікіріне селқос қараған мұсылман әлемі бұл салада артта қалып, сол ғалымдардың пікірімен санасқан Батыс әлемі бүгінгі таңда ғылым-технологияда алда келе жатқаны белгілі. Келешегін ойлаған әрбір мемлекет ғылым-техниканы игеруді алғы шарт ететіні баршаға аян. Бұдан дін мен мемлекет алдындағы жауапкершіліктің тоғысатынын көруге болады.
Хакім Абай да халықты білімге, ғылымға, еңбекқорлыққа шақырған. Ол бір өлеңінде:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек…
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», — дейді.
Имам Матуриди, Құрандағы: «Біз, адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: Оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік» (Исра сүресі, 70-аят) деген аяттың түсіндірмесінде: «Алла адам баласын ең көркем бейнеде жаратты (Тин сүресі, 4-аят). Заттарды пайдалануға ыңғайлы мүшелер, жақсыны жаманнан ажырататын ой-сана, даналықты айтатын тіл берді. Түрлі-түсті таза ризықтармен қоректендіріп, бойларына күш-қуат дарытты. Жердің асты-үстіндегі бүкіл нәрсені олар үшін жаратты (Бақара сүресі, 29-аят). Аспан және жер жүзіндегі күллі жаратылысқа үкімдар етіп, қалағанынша пайдалану мүмкіндігіне ие қылды (Бақара сүресі, 30-аят). Аспан әлемі, жер жүзі, күн, ай, теңіздер мен құрлықтардың барлығы адамзат қажеттілігі үшін әзір етілді» десе, тағы бір аяттағы: «(Уа, адамдар!): Сонда Біз сендерді ермек үшін құр босқа жараттық әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» (Мүминун сүресі, 115-аят) деген аятты ашықтау барысында: «Біз сендерді жәй ғана жараттық, өліп алдына қайта бармаймыз деп ойламаңдар. Бәлки, сендердің игіліктеріңе берілген сансыз нығметтерден сұраласыңдар. Сол себепті, сендер жақсылыққа бұйырылып, жамандықтан тыйылдыңдар. Бұл дүние жақсы мен жаман, шүкір етуші мен күпірлік қылғандардың арасы ажыратылатын сынақ майданы. Ақырет шынайы есеп айырылатын күн. Бәрің бір күні бұл дүниеден қайтасыңдар» деген.
Есеп-қисапсыз нығметтердің бостан-бос берілуі мүмкін бе?! Әрине, жоқ. Дана халқымыз: «Судың да сұрауы бар» деген. Ақыл иесі адам үшін бұл нығметтердің сұрауы болатынына дәлелдер өте көп. Исра сүресінің 36-аятында қиямет күні Алланың құзырында, адам баласының көз, құлақ және жүрек сынды мүшелері иесінің өздерін қандай жолда пайдаланғанына куәлік етеді делінеді. Сондай-ақ, Жаратушы Хақтың кемел сипаттарын, жаратылыс хикметтерін көрсететін бұл нығметтер адамзат тарапынан сыры ашылып, әділдіктен тұратын иләһи үкімдер іске асырылумен қатар, Рахман-Рахим иесіне лайықты түрде құлдық жасалу керек. Бірақ, бұл жауапкершілік мәжбүрлі түрде емес, әркімнің қалау еркімен болуы шарт етіледі. Адам баласы сол еркін қалай пайдалануымен сыналмақ. Сол үшін де әрбір ісіне жауапты. Немесе еріктілік болмаған жағдайда жауапкершілік де болмас еді. Міне, бұл әр мұсылманның ажырата білуі тиіс сенімдік негізгі міндеттері болмақ.Абдусамад ОҚАН,
исламтанушы

Комментарии закрыты.