d40ffbe0-8f3f-4744-ba17-2ca506149d1e

Бақыт пен бақытсыздық

Бұл өмірде біреудің маңдайы жарқырап бақытқа белшесінен батса, енді біреу соры ашылмай өмірден өтіп жатады. Иә, адам баласының бақытты немесе бақытсыз болуы тағдыр мәселесі. Тағдыр мәселесі заңында, күрделі болғандықтан бәзібіреулер бақытты яки бақытсыз болуын «Менде ерік жоқ» деп тағдырды кінәласа, енді біреулер бақытты яки бақытсыз болу «Өз қолымда» деп тағдырға сене бермейді. Бұл екі пікірдің бірі өзіне берліген еркіндігін жоққа шығарса, екіншісі астамшылдыққа барып қателеседі. Орта жол болған Әһлу сүнна уәл жәмағат сенімі бойынша, адам баласы өзге жаратылыстардан ақыл-ойымен, ерік-қалауымен ерекшеленеді. Сол себепті, адамға қатысты тағдырдың екі жағы бар. Яғни, тағдырдың адам баласының еркінен тыс жағымен қатар ерік берілген жағы да бар.

Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бақытты адам анасының құрсағында бақытты, бақытсыз адам да анасының құрсағында бақытсыз» деп, әрбір адамның бақытты немесе бақытсыз болуы анасының құрсағында белгілі болатынын айтады. Міне, бұл тағдырдың адам еркінен тыс жағы. Алайда бұл жазылу – олардың бұл дүниедегі қалау еріктерін жоққа шығармайды. Алла тағала әзали ілімімен дүниеде құлының таңдау еркінің қай бағытта болатынын алдын-ала нақты білгендіктен сол негізде жазды. Ол адам тағдыры алдын-ала жазылып қойғандықтан бақытты немесе бақытсыз болып қалған жоқ. Бәлки, ерік-қалауына қарай бақытты немесе бақытсыз болды. Сондықтан, өз тағдырынан бейхабар адам баласы мына дүниеде ақылын сарапшы ете отырып, ерік-қалауын тиімді, дұрыс бағытта қолдануы керек. Сүйтіп, өз тағдырын бақытты жазмыштың қатары етуге бір кісілік үлесін қосу «тағдырға иман» еткен құлдың міндеті саналмақ. Бақыт дегеніміз атақ-мәнсап, дүние-мүліктің көптігінде болмағаны сияқты кедейлікте, қара тобыр халықтың бірі болуда бақытсыздық емес. Бақыт – Жаратушыны тану, Оған шынайы құл бола білу. Бақытсыздық – Жаратушыға сенбеу, мен-мендіктен тазарып, шынайы құл бола алмау. Сенімге зорлық жүрмейді. Жалғыз Жаратушы Алла тағалаға сену, сенбеу әркімнің өз еркінде. Осы негізде әркім бақыттылар мекені мәңгілік жәннат жолын немесе бақытсыздар мекені мәңгілік тозақ жолын таңдайды. Қасиетті Құранда: «Кім жақсылық істесе пайдасы өзіне, ал, кім жаманшылық істесе оның зияны да өзіне. Раббың құлдарына ешқашан зұлымдық жасамайды» (Фуссилат сүресі, 46-аят.) деген. Матуриди мәзһабы бойынша, бақыт, ол – иман. Бақытсыздық, ол – имансыздық. Иман бар жерде, бақыттылық бар. Иман болмаған жерде, бақыттылық болмайды. Әрі бұл екеуі бір адамның бойында алма-кезек болып ауысып та тұрады. Бүгінгі иманды, бақытты жан ертең өлім сәтінде имансыз, бақытсыз болуы немесе бүгінгі имансыз, бақытсыз жан ертең өлім сәтінде иманға келіп, бақытқа қауышуы мүмкін. Ал Әшғари мәзһабы бойынша, бақыт пен бақытсыздық өмірдің соңғы сәтінде ғана болады. Адам тіршілігінде иманды немесе имансыз болып өмір сүруіне байланысты болмайды. Егер адам иманымен жан тапсырса, ол бақытты. Имансыз жан тапсырса, ол бақытсыз. Сол себепті, олардың көзқарасында бақыт пен бақытсыздық алма-кезек ауыспайды, бір қалыптан өзгермейді.

«Бабалар ұстанған ақида» Самат Оқанұлы

Комментарии закрыты.