3e2c1d2a-c92b-4daf-b57f-a256f4319b49

САУАТТЫ ХАЛЫҚ ТЕРРОРИСТ БОЛМАЙДЫ

Қазіргі таңда тәуелсіз басылымдар діни ахуал жағдайын дұрыс түсінбегендіктен терроризм, экстремизм деген ұғымдар ислам дінімен байланыстырылып, қате ақпараттар жиі беріліп жатады. Асылында, «ислам» сөзі терминологияда «бейбітшілік» мағынасын білдіреді. Ал «мұсылман» дегеніміз – береке-бірліктің ұйтқысы болатын адам. Яғни, қоғамда қандай да бір келіспеушілік, ұрыс-керіс және террористік оқиға орын алса, ол шынайы ислам дінінің келбеті емес. Дін – сенушілерді біріктіретін, басын қосатын құндылық екенін ұмытпауымсыз керек. ⠀

Қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят) делінеді. Яғни, адамдардың әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан болуы алауыздыққа, бөлінуге себеп болмауы, бәлки, өзара танысып, сыйластықпен өмір сүрудің негізін қалыптастыруы тиіс.

Өзіндік танымы әлі қалыптасып үлгермеген жастар, өздері уағызын қалт жібермей тыңдап жүрген ұстазының кім екеніне де көңіл бөле бермейді. Рухани сұранысына жауап алғаны үшін өзін бақытты сезінеді. Сөйтіп, теріс ағымның идеологиясына уланған кейбір жастарда «Өзімдікі ғана дұрыс» дейтін сыңаржақтылық, өзгелердің бәрін «адастыға» шығаратын бірбеткей қатыгездік ұстаным қалыптастыруда. ⠀
Теріс пиғылды салафилік ағым өкілдерінің бойында өзгелермен санаспайтын идея, сауатсыздық басым болып келеді. Сауатсыздықты жою тек ағартушылық жолымен ғана іске аспақ. Әу бастан ислам діні, сауатсыздыққа «Оқы…» деген әмірімен қарсы тұрып, саналы ғұмыр кешуді міндеттеді. Ислам ғұламалары «Ғылым-білімсіз адамзат өмірі – тұл» деп қарады. Адамзатты өзге тіршілік иелерінен ерекшелендіретін білім екеніне де бір ауыздан келісті. Бүгінде елімізде сауатсыздықпен күресудің түрлі жолдары қарастырылған. Соның қатарында дін мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде.

«Бабалар ұстанған ақида», Самет Оқанұлы, исламтанушы

Комментарии закрыты.