20ef16b0-92bf-49c1-b2f0-32c634d1c3d7

СӘЛЕМ САЛУДЫ ШИРК ДЕУ ҰЛТҚА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

Қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде олар ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптауда. Соның бірі осы – беташар дәстүрі мен келіннің сәлем салуы. Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғпен немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, адамға табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан анық.⠀

Сәлем салуды рукуғқа жығылумен шендестіретіндердің алдымен рукуғқа бару үшін қаншама әрекеттер жасалатынын сараптап көргені жөн болар еді.

  • Намаздағы рукуғ әрекетіне жету үшін ең алдымен ниет етіліп, дәрет алынады.
  • Оның барысында дәретханаға кірердегі және шығардағы дұғалар мен дәрет алу кезінде әрбір мүшесін жуардағы ниет-дұғалар түстеп, түгенделеді.
  • Дәреттен кейін жайнамазға жеткенше он рет салауат айту тағы бар.
  • Жайнамазға жеткен соң намазға ниет етіп, тәкбір айту, қол байлау,
  • «Фатиханы» және қысқа сүрені оқу, содан кейін барып, «Аллаһу әкбарды» айтып, рукуғқа еңкею керек болады.

Ал енді қайын жұртындағы жолы үлкендерге сәлем салғалы жатқан келін осы айтылғандардың бәрін әр сәлем сайын түгендеп, «Аллаға серік қосуға ниет еттім» деп барып, сәлем салушы ма еді?! Жоқ, әрине!⠀

Келіннің сәлем салуын «ширк» деп теріске шығару әрекеттері қарсы шабуылға ұшырап, қатаң соққы алғаннан кейін халықтың санасын өзгертудің сәті түспегенін пайымдаған радикалды ағым өкілдері қазір жаңа әдістемеге көшуде. Дін қағидаларының сенім жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көзсіз көшіре алмайды. Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Қазақы болмыстың өзегінен жаралған өз құндылықтары бар. Сондықтан қазақтың дәстүрлі құндылықтарының ешбірі ислам шариғатына қайшы келмейді.

 

Айнұр ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ

Комментарии закрыты.