494e791d-5f9f-4f0a-8e4b-086f180c5e88

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ ЕСКЕРІЛУІ ҚАЖЕТ…

Үнемі сынап-мінелген балалар өте тұйық, ынжық, өзіне сенімсіз болып шығады. Мұндай балалар әрбір ісін дұрыс-бұрыс деп шешпейді, бұған «ел-жұрт не дейді» деп шешеді. Өз бетінше шешім қабылдап, қалаған нәрсесін істей алмай әлек болады. Өйткені өзегін өзгелер не дейді деген ой өртейді.

Өзіне сенімсіз бала өскенде бетіне бетперде тағып жүргендей болады. Өйткені оған бір нәрсе істер кезде «тура жүр, әйтпесе сені келеке қылады», «бұзықтық жасама, жаман бала атанасың», «беті-қолыңды жу, көргендер салақ деп ойлайды» деп сырт көздің сынына қарап өсірген. Мұндай тәрбие – баланың өз-өзін тану жолындағы ең үлкен кедергі. Ол өскенде «жарты адам» секілді боп қалады.

Үнемі мін тағыла беретін әрі істеген ісінен опық жеген бала өзіне шаң жұқтырмайтындардың бірі болады. Ол өзіне мін таққан адамды шамасы жеткенше сөйлетпеуге тырысады. Себебі ондай адамдарда ішкі психологиялық қорғаныс іске қосылып, өзін ақтап алуға тырысады. Бала кезде оған қателесуге ересектер рұқсат бермегендіктен, есейген шақта да өз кемшіліктерін мойындай алмайды.

Жанұядан мейірім, жылу таппаған бала ол жерден қашатын мүмкіндік іздейді. Мәселен, алысқа оқуға аттанады, тез тұрмыс құруға асығады. Сол арқылы өзіне қолдау көрсететін орта іздейді.

Комментарии закрыты.