b9d42588-8423-4c5b-8c0c-255be62b6681

«БІЗ БІРІКСЕК, БАРЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫМЫЗ БАЯНДЫ БОЛАДЫ…»

Салауатты өмір салтын әрі қайырымдылық жасауды насихаттайтын «Ansar volunteer» тобын ақтөбеліктердің біразы біледі. Олар облыстағы ерікті жастар арасында шағын футболдан турнир өткізіп, командалардың сайысқа қатысу жарнасынан түскен ақшаны игі іске жұмсайды. Сондай ойынның бірінен жиналған 200 мың теңгені волонтерлер 4 отбасыға бөліп берді. Ал төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желілер арқылы, демеушілердің арқасында 260 мың теңге жинап, 29 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратты. Қасиетті Рамазан айында әлгіндей жолмен 100 мың теңге құралып, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен 15 анаға азық-түлік себеті берілді. Және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін волонтерлер 200-ден астам медициналық бетперде тігіп, жұртшылыққа үлестірген. «Ansar volunteer» тобының жетекшісі Мейрамбек Шекернаев игі істер туралы ой-пікірін төмендегідей сабақтайды:

— Қазіргі таңда құрамымызда 40-қа жуық волонтер бар. Олардың дені — өзім сияқты студенттер. Жастардың тек қайырымдылықпен айналыспай, рухани дамуы үшін С.Бәйішев ат. кітапханамен бірлесіп, «Коворкинг» орталығында әр жексенбі сайын түрлі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрміз. Атап айтсақ, «Киноtime» шарасында тәрбиелік мазмұны терең отандық фильмдерді насихаттасақ, «Оқырман ойында» замандастарымыздың кітап оқуға деген ынтасын оятып, өзара пікір алысамыз. «Кейіпкермен сұхбат» айдарында жастарды өмірде өзіндік орнын тапқан білікті мамандармен кездестірсек, уақытты тиімді пайдаланып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруы үшін психологиялық семинар-тренингтер өткіземіз. Бұның бәрі қатарластарымыздың арасында зор қызығушылық туғызды. Жастар арасындағы зияткерлік сайыстарымыз аудан көлемінде жалғасын тапты. Хромтау, Әйтеке би аудандарында осындай байқаулар ұйымдастырылып жатыр.

@ansar_volunteer инстаграм парақшасында кітап оқудан марафон өткізіп, жеңімпаз деп танылған оқырмандарға кітаптар табыстадық.

Былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына «150 жылдыққа — 150 түп ағаш» акциясын бастап, 25 жас көшетті ектік. Эстафетаны басқа клубтарға жолдадық, — дейді ол.

Аталған клуб 2019 жылдың 1-наурызында «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының жанынан құрылған.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ

Комментарии закрыты.