4d2ce096-1375-433a-a459-19ba6bf4a382

АБАЙ ЖӘНЕ ИСЛАМ

Абайды жаттап емес, жүрегіңмен түсініп оқу керек. Абай мұрасының мәдени, тарихи, рухани, дүниетанымдық негіздері – жалпы адамзаттық құндылықтар.
⠀ ⠀
Абай дүниетанымының қалыптасуына ұлттың дәстүрлі мәдениеті, мұсылмандық шығыс мәдениеті мен руханияты және батыс еуропа мәдениетінің озық жетістіктері ықпалын тигізді. Абайдың «Қарасөздеріне» тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды ретінде емес, өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан, қорытылған бірегей ілімді ХІХ ғасыр кемеңгерінің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп берген танымдық мәні зор туынды ретінде қараған жөн.

Осыған орай жаһандану үдерісіне енген қазіргі Қазақстан халқы үшін, әсіресе, өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған, ауытқымалы психологиялық кезеңдегі жас буын үшін дәстүрлі бағыттағы діни танымды қалыптастырудың маңызы өлшеусіз. Қазіргі заманда көп елдерді жайлап кеткен діни экстремизм, дәстүрлі емес діни ағымдар мүшелерінің көбеюі еліміздің басты мәселелердің бірі болып отыр.

Абайдың қарасөздеріндегі дін туралы пікірлері оның діни білімі мен танымын аңғартады. Пайғамбар хадистерінен келтірген мысалдары Абайдың діни дүниетанымының тереңдігін дәлелдей түседі. Ақынның қырық бес қарасөзінің он бірі дін тақырыбына арналған. Олардың ішінде кейбір қарасөздері тек діни мәселелерді қозғайды.

Мысалы, «Он үшінші қарасөзінде» иман мен ғибадат, «Жиырма жетінші қарасөзінде» құлшылық, хикмет, ақыл жайында, «Жиырма сегізінші қарасөзінде» тағдыр, иман, ақыл, ғибадат, «Отыз төртінші қарасөзінде» ақырет, иман, дүниелік өмір, «Қырық үшінші қарасөзінде» жан мен тән, ақыл, талап, қуат, «Қырық бесінші қарасөзінде» Алла Тағаланың барлығына дәлел келтіріп, әділет, махаббат туралы баяндайды.
Абай қарасөздерінің ішіндегі ең көлемдісі – «Отыз сегінші қарасөзі». Ол отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.

Б. Шериязданов

Мақала kazislam.kz сайтынан ықшамдалып алынды.

Комментарии закрыты.