контр copy

ДІН САЛАСЫН РЕТТЕУДІҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мемлекет – дін қатынастарын зерттеп жүрген батыс ғалымдары мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарының қалыптасуы мен олардың белгілі бір бағытта дамуына басқа да факторлар әсер етеді дейтінін, мәселен, азаматтардың осы саланың дамуына қатысу үрдісі де маңызды орын алады деп есептейтінін айта кету керек. Мұндай көзқарастар қазіргі әлемдегі демократиялық институттар мен құндылықтардың ықпалымен пайда болғаны анық. Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатыны анық-қанық атап көрсетілген. Бұл өз кезегінде, азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі не сенбеуі олардың конституциялық құқықтарының қатарынан орын алатындығын білдіреді. Конституциямызда көрініс тапқан осы қағидалар Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында мемлекетіміздің әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтыны, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретіні нақты көрініс тапқан. Біздің елімізде діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруы еліміздің заманауи құқықтық мемлекет ретінде орнығуы мен қызмет атқаруының негізін құрайтын қағидат болып табылады және тіркеліп қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктердің теңдігі және олардың діни ұстанымдарына тәуелсіз теңқұқықтығы мемлекетпен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткеніндей, «..еліміздің болашағы мемлекет пен қоғамымыздың баянды дамуына қолғабыс ете алатын зайырлы мемлекетке тұғырланады». Сондықтан еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлы құндылықтарды ілгерілету Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруінің негізгі өлшемі ретінде қала береді.

Дереккөз: https://kazislam.kz/ сайтынан

Комментарии закрыты.