289f830f-e37c-4fb0-a938-f0d657a29173

ДӘСТҮРДІ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУ АДАСУШЫЛЫҚ ПА?

Дәстүрді теріске шығару – адасушылық.
Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар.
Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.
Сонымен қатар, қазіргі қазақ қоғамында халқымыздың дәстүрі мен тарихын, тілдік ерекшелігін мансұқ ететін, не жартылай мойындамайтын нигилистермен бірге әдет-ғұрыпты, қазақшылықты қорғаудың жөні осы екен деп дінді төмендетіп, ұлттық дәстүрді одан жоғары қоятындар да бар. Олардың көпшілігінің терең діни білімі жоқ. Бірақ осы тақырыпты талқылауға аса құштар. Дәлелдерінің дені дәстүр мен даналар сөздері. Шариғаттан мардымды мағлұмат болмағандықтан әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланысты тереңірек түсіндіруге қауқары жоқ. Нәтижесінде алғашқысына басымдық беріп, екіншісін төмендетеді. Мұндай қасаң пікірлердің ғұмыры қысқа. Себебі, адамдардың діни сауаттылығы артқан сайын айтушыға деген талап та күшеймек.
Дереккөз: http://fatua.kz

Комментарии закрыты.