52525252

ҚАЗАҚ ДІНІНЕН АДАСҚАН БА?

Алла Тағала адамзат баласын ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқан. Қасиетті Құранда бұл жайлы мынадай белгілі аят бар: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік» («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Ендеше, қазақтың қазақ, арабтың араб, өзге ұлттардың өзге болуы, ең алдымен Алланың қалауы. Адамзатты әу баста бір Ата, бір Анадан таратқанымен, уақыт өте келе, олардың ұрпақтары сансыз көп ұлттар – мен ұлыстарға бөлініп кетті. Әрқайсысының өз тілі, тарихы, Отаны, салт-дәстүрі, өзгелерге ұқсамайтын ерекше ұлттық құндылықтары мен тұрмыс-тіршілігі бар.

Осы күнде «Дінде негізі жоқ» деген сылтаумен өзінің ұлтынан, салт-дәстүрінен шошынып-безінетін бір топ жастар бой көрсетіп жүр. Бұлар «Менің ұлтым ғана жақсы» демейді, керісінше, өзінің белгілі бір ұлттық өкілі болғанын намыс көреді. Ұлтының бір жақсылығын бөліссе, діннен шығып кетердей қорқады. Бұл – нағыз сауатсыздық. Ислам діні мұндай көзқарасты да құптамайды.
⠀⠀
Қазақ халқының мейманын қарсы алуы әлемде ешкімге ұқсамаса керек. Мал сою, арнайы үй тігу, тапқанын мейман алдына ұсыну, өзі жемей қонаққа сақтау деген түсініктерді өзге елден кездестіру қиын. Міне, бұл – қазақ жұртының бір ғана қонақ күтуге қатысты ұстанымы. Сол секілді киім кию, сөз сөйлеу, тамақ ішу, үйлену, балалы болу, қысқасы, туғаннан өлгенге дейінгі шариғат талаптары дәл осылай дәстүрлік деңгейде орындалып жатады. Ата-ананы қадірлеу, үлкенді сыйлау, көршілермен сыйласу, ұл-қызға мейіріммен қарау, астың адалын, тазасын ішіп-жеу, аурудың көңілін сұрау, баланың туғанына қуанып той жасау, үйленгенде жұртты жинап тамақ беру, дүниеден озған кісіні жақсы жағынан еске алу, жетім мен жесірді жылатпау – мұның бәрі мұсылмандықтан бастау алып жатқан іргелі салт-дәстүрлер. Керісінше, мұсылмандық ұрпақтан-ұрпаққа бұзылмай, саф күйде жетуі үшін осылай болуы – құптарлық іс.
⠀⠀
?Дереккөз: muslim.kz

Комментарии закрыты.