88787

ИНТЕРНЕТТЕГІ АДАСТЫРҒЫШ ИІРІМДЕР

Жат ағымдар туралы айтқанда ең алдымен жастардың мәселесі алға шығады. Себебі, деструктивті діни ағымды таратушылар алдымен жастарды жандарына жиюға тырысады. Олардың сенгіш, ақпараттарды талдай білмейтінін жақсы біледі.

Сонымен қатар, бүгінде жастардың 100 пайызға жуығы ғаламтор меңгерген. Ал, жалған діни ұстанымды таратушыларға әлеуметтік желілер арқылы насихат жүргізген өте оңай әрі оңтайлы. Олар осы әдіс арқылы адам психологиясына қалай әсер ету керектігін жақсы біледі.

Бүгінде ата-аналардың балаларымен өткізетін уақытының аздығы да жастардың жиі адасуына алып келетіндігін айта кету керек. Жастар мен жасөспірімдердің сөзінше, ата-аналары күндіз жұмыста жүретіндіктен тәрбиелік бағытқа немқұрайлы қарайды. Әрине, әке-шешесі сол балалардың жақсы жағдайы үшін тынымсыз еңбек етеді, шаршап үйіне келеді. Балаларының өзге уақыттарда немен шұғылданып жүргенін зерттей бермейді. Күндізгі тәрбиесін оқу орындарындағы ұстаздарына артып қойған.

Балаларына қымбат ұялы телефон алып бергенімен, оның ішінде қай ақпарат ұрпағының санасын улап жатқанын сезбейді. Күндіз немен айналысып жүргенінен хабарсыз.

Ұлы немесе қызы дінге бет бұрса, балам имандылыққа бет бұрды деп қуанады. Шын мәнісінде, ол қандай дін ұстанғанын ұқпайды. Сол үшін әрбір ата-ана өз баласының өзінің және мемлекеттің болашағы екеніне баса мән беру керек.

Тәрбиесімен жіті айналысып, оның озық ойлы азамат болып қалыптасуын қатаң бақылауға алғаны жөн. Өйтпеген жағдайда, деструктивті ағымдар әке-шешенің бұл қателігін мүлт жібермей, өз мақсаттарына пайдалануы әбден мүмкін.

Шәрібай ТОБЖАНОВ
Дереккөз: kazislam.kz

Комментарии закрыты.