v54

МЕЙІРІМДІ БОЛСАҢ-МЕЙІРІМГЕ БӨЛЕНЕСІҢ

Мұсылман бауырын қуанту мақсатында өзі жақсы көрген нәрсені солар үшін де жақсы көреді. Мысалы, Алла Тағала туыстық қатынасты әмір етті делік. Ендеше ағайындық қатынасты үзіп, Алланың мейірімінен ұзақтағаннан гөрі, туыспен жақсы қатынасып, бұл дүниеде береке, ақыретте бақытқа бөленген әлдеқайда жақсы емес пе? Үстіне Алланың мейірімі жауса пендеге одан артық не керек?!

Бірақ, ол үшін тек Алланың мейірімін қалау аз. Ол адам Алланың мейірімі мен рақыметіне бөленуі үшін әуелі өзі басқа кісіге мейірімді болуы шарт. Сіз қалайша басқа адамға мейірімді болмай, Алланың сізге мейірімді болуын сұрайсыз? Біреуге ақысыз жақсылық жасау, әлсізге жұмсақ болу, мүсәпірге жомарттық таныту, танымайтын адамға жылы сөйлеу, мейірімді болу сияқты т.б. ізгі қасиеттерді амалда көрсету қиын. Соған қарамастан адам басқаларға неғұрлым мейірімді, жұмсақ қатынаста болса, Алла Тағала да оған мейірімін төкпек.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадис осыны растай түседі:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.) немересі Хасанды еркелетіп, сүйген еді. Сол уақытта оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересіне деген мейірім-махаббатын көрген Ақрағ:

– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:

– Кім мейірімді болмаса, оған мейірімділік қылынбайды, – дейді» (Бұхари). Демек, мұсылман заты далада емес, тіпті, өзінің отбасында, балашағасына мейірімді болса, соның өзіне де сауап бар екен. Алланың сауабы мен мейірімін алыстан іздемей, өз отбасымыздан таба алады екенміз. Бар болғаны – балаларға, қасымыздағы кісілерге мейірімдірек болу.

Расында, Алла Тағаланың мейірімі шексіз. Егер Алла қаласа күнәға әбден белшесінен батқан күнәһар пендесін жарылқап, жәннат төрінен бір-ақ шығарады.

Дереккөз: @kazislam.kz

Комментарии закрыты.