5555

Алғашқы кітап «Сүннет энциклопедиясы»…

Алғашқы кітап «Сүннет энциклопедиясы» (Кутуб ситта хадистері түсіндірмесімен бірге). «Кутуб ситтадағы» хадистердің ең басты ерекшелігі – хадистердің сахих болуына аса сақтықпен қаралғанында.

Хадис риуаят етудегі асқан жауапкершілік

Сахабалар, олардың сұхбатын тыңдау бақытына ие болған табиғиндер не оларды көрген тәбә-табиғиндердің қай-қайсысы да естігендерін естіген күйі жүрдім-бардым қабылдай салатын жай адамдар емес еді. Бұлар жүрегі пәк, жаны нәзік болуымен қатар, естігендерін елеп-екшейтін, ақыл мен қисын таразысына салатын қырағы, ұқыпты жандар еді. Олар хадисті зерттеп, зерделеп, елеп-екшеп барып қабылдаған. Риуаяттардың дұрыс-бұрыстығын асқан мұқияттылықпен тексеріп барып, кейінгілерге жеткізген.

Алла елшісі(с.а.с) бір хадисінде: «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлейтін болса, жаһанамдағы орнын дайындай берсін» не басқа бір риуаятта «Кімде-кім менің атымнан қасақана жалған сөз айтса, жаһанамдағы орны дайын деп білсін» (Бұхари, Илм,38; Мүслим, Зүһд,72) деген.

Сонау нұрлы ғасырда ешбір мүмин, әсіресе, сахаба мен табиғин Алла елшісінің(с.а.с) атынан жалған сөйлеу тұрмақ, әзілдеп те өтірік айтпайтын. Мұны әзірет Алидің мына сөздері дәлелдей түседі: «Мен сендерге Расулладан естігенімді баяндағанша барынша абай болуға тырысамын, өйткені оның атынан жалған араластырып сөйлегенше биіктен құлап күл-паршамның шыққаны артық» (Бұхари, Иститаба,6; Әбу Дәуіт, Суннә,28).

Пайғамбарымыздың(с.а.с) өзі де бұл тұрғыда «Кімде-кім жалған екенін біле тұра менің атымнан бір сөз риуаят етер болса, ол – өтірікшінің нақ өзі» (Тирмизи, Илм 9; Ибн Мажә, Муқаддима,5) деп ескерткен. Олай болса, шыншылдығымен, адалдығымен танылған, аз ғана уақыт ішінде Ислам дінін айдай әлемге таратып, адамзаттың ізгі тәрбиешілері атанып үлгерген осынау жамағаттан жоғарыдағы хадиске қайшы келетін әрекеттің шығуы мүмкін бе?!

© Сүннет энциклопедиясы (Кутуб ситта хадистері түсіндірмесімен бірге). 1-том. – Алматы: Visionkitap, 2019.

Комментарии закрыты.