1. eyeagjizd azkvqkluy Plus

Мұсылманның өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасы қандай болуы керек?

Өзге дін өкілдерімен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары ислам шариғатының қайнар көздері – Құран мен сүннетте белгіленген.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христиандар мен еврейлерді аманат етемін»,– деп өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын»,– деп қатаң ескерткен.

Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең көркем түрде (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойсұнушылармыз», – деп айтыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят), – делінген. Осы аятты негізге алғандықтан өзге дін иелеріне Мұхаммед Пайғамбардың құрметі ерекше болған.

❕Исламды қабылдаған мұсылмандар 622 ж. Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін өзге дін өкілдерімен Мәдина келісіміне қол қойған болатын. VII ғасырда жасалған бұл құжат исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, исламның адам құқығына құрметі мен диалог мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сенім бостандығы, ар-ождан еркіндігін қамтамасыз еткен қағидаттарды қамтыған.

Мұхаммед Пайғамбар өзге дін иелеріне де мейіріммен, қамқорлықпен қарай отырып, ортақ түсінік пен татулықты сақтауға күш салып, өзге дін иелерінің құқығын мұсылмандармен бірдей дәрежеде ұстады. Мұхаммед пайғамбар: «Кім зимми адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамы) өлтірсе, ол жәннаттың исін де иіскемейді. Әрине, жәннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады», – деген (Насай риуаяты). Келесі бір хадисте: «Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса немесе оның ақысын бермесе, оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, оның ризалығынсыз мүлкін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін», – деп қатаң ескертеді (Әбу Дауд риуаятынан).

Йеменнің Нажран деген жерінде Мазһйж тайпасы болды. Сол тайпаның Балхарис руының аймағында христиандар көптеп шоғырланған болатын. Сол аймақтан алпыс адамнан құралған топ Мәдинаға келіп, қала тұрғындарына «мешіттеріңізде құлшылық жасап алайық» деген өтініш білдіреді. Сахабалар ол тілекке көнбей жатқанда, бұл хабарды естіген пайғамбар дереу келіп, рұқсатын берген.

Мұхаммед пайғамбардың меккелік мүшріктермен арадағы «Худайбия» атты келісім-шарты исламдағы дінаралық ынтымақтың бірегей үлгісі болды. Ол құжат бойынша: «Егер бір мүшрік исламды қабылдап, мұсылмандарға қосылса, меккеліктердің талабына сай мұсылмандар оны кері қайтаруға міндетті. Ал мұсылмандардың бірі Исламнан шығып, меккеліктерге қосылса, меккеліктер оны кері қайтаруға міндетті емес». Бұл келісімнен пайғамбардың басқа дінді ұстанушыларға, әділетсіздік көрсетпегендігі байқалады. Осы орайда кейбір мұсылман бауырларымыздың намаз оқымайтындарды кәпірге шығарып, тіпті, өз бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатқаны шариғи тұрғыдан да орынсыз екендігін аңғаруға болады.

Мұхаммед пайғамбар өзге дін өкілдерінің ғибадат ғимараттарын қиратпауды, діндарларды өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, алым-салық алмауды, мал-мүлкіне қол сұқпауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен.

Сонымен қатар Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам Ата мен Хауа Анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық». («ӘлХужурат» сүресі, 13-аят), – деп әрбір ұлттың дербес өмір сүруге құқылы екендігі көрсетілген.

 

© «Дін саласындағы өзекті тақырыптарға арналған 20 сұрақ пен жауап» кітапшасынан ықшамдалып алынды.

Комментарии закрыты.