dyuzhina-pravil-horoshego-i-kachestvennogo-sna-images-big

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ: Пікір плюрализмінің де әдебі мен заңдылықтары болады

Әртүрлі ойдың болуы адам табиғатына тән құбылыс. Қанша адам болса, сонша көзқарас пен пікір кездеседі. Ал діндегі пікір плюрализмі – діни көзқарастардың алуандылығы. Бұл тек ислам дініне тән құбылыс емес. Яғни, әртүрлі діни топтардың астарында пікір алуандығы бар. Ақиқат дін адамзаттың өмірін реттеу үшін келгеннен кейін әрбір адамның, әрбір ұлттың, халықтың жағдайын ескеруі заңды. Сол үшін адам өмірі өзгеруге бейім болғаннан кейін діннің де, шариғаттың да кейбір жағдаяттарға қарай өзгеруі не соларға жауап беруі керек. Сонда ғана хақ дін – өміршең болмақ.
Географиялық кеңістікке қарай айтатын болсақ, Азия халықтары мен Еуропа, Африка халықтарының тұрмыс-тіршілігін салыстыруға келмейді. Сондықтан дін осы ерекшеліктермен, құндылықтармен санасатын болса, дұрыс дін болады деген сөз. Себебі XXI ғасырда өмір сүріп, VII ғасырдағы түсінікпен, салтпен шектеле алмаймыз. Ислам шариғаты барлық заманға, кеңістікке, қоғамға жауап бере алатын дін. Егер жауап бере алмайтын болса, онда ол діннің емес, дін ұстанушылардың кемшілігі.
Аталған кемшіліктің нәтижесі исламға деген жаңсақ түсініктердің қалыптасуына себеп болады. Маңыздысы сол талас – пікірсіз болмауы қажет. Өйткені кейде діни ортада пікірсіз, жалаң талас-тартыс болады. Ал пікір бар жерде ой бар. Яғни, зерттеудің нәтижесінде орын алған пікірталас, ғылыми негізге сүйенген дикуссия құпталады. Бірақ оның да әдебі, өз заңдылықтары бар. Осының нәтижесінде дұрыс дикуссия болады.
Дінде әртүрлі пікірдің болуы барлық дінге тән құбылыс. Ислам дініннің тарихына көз жүгіртсек, түрлі саяси құқықтық көзқарастардың нәтижесінде діни бағыттар, мектептер қалыптасты. Бұл алуан түрлі көзқарас қоғамға кері әсерін береді деген сөз емес. Дінге байланысты пікір білдіргенде «Менікі ғана дұрыс» деген ұстанымнан ада болған жөн. Көзқарас ғылыми әдістерге, нұрлы ақылға негізделуі керек.
Мысалы, ханафилік, шафиғилік, ханбалилік, мәликилік құқықтық мектептердің ғылыми негіздемелері бар. Сондықтан бұлар бірауыздан мақұлданған мектептер болып, сан ғасырдан бері қоғам талабы мен өзгерістерге жауап беріп келеді. Сондай-ақ жекелеген көзқарастар ғылымға, қисынға, ақылға негізделген болса, оларды да құптауға болады. Алайда діни көзқарастар, өзара пікір алмасу талас-тартысқа, жанжалға алып барып, қоғам тұрақтылығына сына қақпауы қажет.
Дін қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға мүдделі. «Ораза, намаз тоқтықта» деп ата-бабамыз айтқандай, қоғамда бейберекетсіздік, аштық, тұрақсыздық орын алған жағдайда ғана діни ортада қиындық туындауы мүмкін. Діннің асыл мақсаты тұрақты қоғамда ғана жүзеге асады.
Құран Кәрімде «Сендердің діндерің – өздеріңе, менің дінім өзіме» («Кафирун» сүресі, 6-аят) – деген аят бар. Яғни исламда сенім еркіндігі, ой еркіндігі бар. Пайғамбар сөзін түсінуде де түрлі көзқарастар қалыптасқан. Өйткені әр адам өз қарым-қабілетіне, санасына қарай қабылдайды. Тіпті, пайғамбардан тікелей тәлім алған сахабалардың өзі үкім шығару барысында да түрлі көзқараста болды. Оған сол адамдардың пікір плюрализмі, діни мәтіндердің тілдік, лингвистикалық, мақсаттық, прагматикалық тұрғыда түсінудегі әртүрлі ұстанымдары әсер етті.
Хадистерді жазба мәтіндерден оқығанда, айтушының жағдайын, көңіл-күйін сезінбейсің. Себебі, жазба мәтінде интонация, бейвербалды әрекеттер жоқ. Сондықтан, уақыт өте келе жазба мәтіндерді түсінуде әртүрлі көзқарастар туындады. Мемлекеттік құзырлы мекемелер, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы, ғылыми орталықтар бұның барлығын бақылауда ұстайтын болса, ешқандай қауіптің болмайтыны анық.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ
Дереккөз: @kazislam.kz

Комментарии закрыты.