Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбаты, 2017 жыл 20 ақпан

 – Нұрлан Байұзақұлы, еліміздегі діни ахуал өткен жылдармен салыстырғанда қалыпты. Десек те, зайырлы мемлекеттің заң талаптарын мойындағысы келмейтіндердің қатары көбейіп келеді деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл жерде міндетті түрде басын ашып алатын мәселе бар, ол – діни ахуал ұғымы.

Діни ахуалдың тұрақтылығы еліміздегі мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас, конфессиялар арасындағы өзара әрекеттестік, азаматтардың ар-ождан бостандығының деңгейі, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама талап­тарының сақталуы, азаматтардың дін саласындағы саясатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы тәрізді көп қатпарлы өлшемдердің нәтижесінен құралады.

Бұл жағынан алғанда еліміздің дін саласында шешімін таппай отырған мәселе жоқ. Мемлекеттік-конфессиялық тұрғыдан дәйекті қатынас орнатылып, азаматтардың діни бостандығы толығынан қамтамасыз етілген.
Өкінішке қарай, дінді біржақты түсінетін радикалдық ағымдардың идеяларын ұстанушылар тарапынан елімізде соңғы 5-6 жылда бірқатар жантүршігерлік оқи­ғалардың орын алғаны мәлім. Десек те, осындай оқиғалардың өзі еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіре алмайды. Керісінше, мұндай лаңкестік оқиғалар қоғамда берік орныққан конфессияаралық келісім мен ауызбіршіліктің баға жетпес құндылық екеніне көзімізді жеткізе түседі. Сондықтан еліміздегі діни ахуал тұрақты екендігін және діни себептерді бүркеніп, радикалдардың қатысуымен орын алған бірді-екілі оқыс жағдайлар оған түбегейлі әсер етпеді деп толық сеніммен айта аламыз.

Әрине, бұл еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмесе керек… Біздің қоғамымызда радикалдық діни ағымдардың деструктивті идеяларының таралуынан көрініс тауып отырған және көпшілікті алаңдатып отырған мәселелердің бар екені сөзсіз. Мен былтырғы жылы қазан айында өткен брифингте салафизм идеологиясын еліміз үшін мүлдем жат әрі теріс діни ағым деп санайтынымыз туралы Үкіметтің ұстанымын білдірдім.

Зайырлы заңнамалармен реттелгені жөн

– Салафизм идеологиясы­ның терістігі неде?

– Радикалдық діни ағымдардың ұстанушылары өз идеяларын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздан жоғары қояды және діни талаптармен өмір сүретін мемлекетті қоғамдық құрылыстың «ең дұрыс жүйесі» деп есептейді. Ал мұндай шетін идеялардың біздің мемлекетімізге және сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізге қайшы келетіні айтпаса да түсінікті.

– Осы мәселеге байланыс­ты нақты қандай шаралар жүргізілуде?
– Министрлік қазіргі күнде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, діни сипаттағы радикалдық және экстремистік идеяларға тосқауыл қою бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде және ол алдағы уақытта күшейе түсетін болады.
Жалпы, зайырлы мемлекет болып табылатын біздің елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті дін жоқ. Керісінше, зайырлы мемлекетте діннің дамуына және азаматтардың діни сенім бостандығына кең мүмкіндіктер беріледі. Бұған алысқа бармай-ақ біздің еліміздің тәжірибесін алсақ та жеткілікті. Осы орайда, біздің елімізде әлеуметтік қатынастар, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттелетіндігін баса айта кеткім келеді. Дін бұл салаларға араласа алмайды және араласпауы тиіс.

Сондай-ақ, теріс діни ағымдардың идеяларын ұстанушылар ортасында, тіпті дәстүрлі ханафи мазхабын ұстанушылардың арасында да заңды некеге тұруға немқұрайлылық таныту жайттары кездеседі. Бұл дұрыс емес. Еліміздің заңына сәйкес некеге тұру міндетті түрде мемлекет тарапынан тіркеледі. Бұл – некеге тұрған азаматтардың құқықтары заңды түрде қорғалады деген сөз. Сәйкесінше, некелерін діни жолмен қидырып, оны заңдастырмаған қыздардың, мұндай отбасында дүниеге келген балалардың құқықтарын мемлекет қорғай алмайды.
Жалпы, салафилерге ғана емес, барлық радикалдарға тән бір ерекшелік – олар өздерінің жалпы сауаттарының және зияткерлік деңгейлерінің төмендігінен рухани құндылық­тарды емес, керісінше, адам мен қоғамның тұрмыс-тіршілігін, жүріс-тұрысын, киім киісі мен басқа да сыртқы көріністерін реттейтін хадистерді дәл сол күйінде сөзбе-сөз түсінеді және сол талаптарды толықтай орындауға тырысады.
Осындай келеңсіз мәселелер еліміздің дамуының зайырлы қағидатын ілгерілетуге және зайырлы өмір сүру құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұмыстарды күшейте түсуді қажет етеді. Мен еліміздің діндар азаматтары, ең біріншіден, өз елінің патриоттары болуы тиіс деп санаймын. Олар жақсы білім алып, адал еңбек етуді, өздерін үнемі жетілдіріп отыруды, заң талаптарын сақтауды басшылыққа алулары керек. Сондықтан зайырлы мемлекеттің заң талаптарын мойындағысы келмейтіндердің қатары көбейіп келе жатыр деген тұжырыммен келіспеймін.

Дінді мектеп қабырғасында дұрыс түсіндіру керек

– Олай болса, жастардың діни ағымдарға тез тартылу себебі неде деп ойлайсыз?
– Қоғамның ең көп және белсенді тобы ретінде жастардың қандай мәселеге болса да қызығушылықтары жоғары. Бұған қоса, жұмыссыздық, құқықтық және діни сауатсыздық, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыздығы сияқты әртүрлі факторларды атап өтуге болады.

Жастардың арасында ғылыммен, спортпен, өнер түрлерімен терең айналысып, дінге мүлдем қызықпайтындары да, өздерін атеист санайтындары да бар екенін айта кету керек. Осы орайда, министрлік басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жастар арасында дәстүрлі ұлттық және тарихи құндылықтарды насихаттау, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, дінді радикалды тұрғыдан ұғынудың қаупін түсіндіру және олардың бойында теріс діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсам, 2016 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен барлық өңірлерде жастармен 9 мыңнан астам тікелей іс-шаралар өткізіліп, онымен 700 мыңнан астам жастар қамтылды.

Министрлік 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігімен, еліміздің жастарының айтарлықтай кең тобын біріктіріп отырған «Жас Отан» жастар қанатымен және Қазақ­стан жастары конгресімен бірлесе отырып, жастар арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын іске асырды. Тұрғындардың пікірі бойынша діннің дұрыс түсінігін қалыптастыруды және діни экстремизмнің алдын алуды мектеп қабырғасынан бастау керек. Бұл мақсат 2016 жылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін орта мектептердің 9-сынып оқушылары үшін енгізілген «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні шеңберінде іске асырылуда.

Пікір үстеу


Қауіпсіздік коды
Жаңарту

Мақалалар / Статьи