ИГІ БАСТАМА - ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН

Ақтөбе облысында құрылғанына көп уақыт бола қоймаған Ақтөбе облысының «Саясаткер әйелдер клубы» өз жұмыс сапарын ағымдағы жылдың 26 маусым күні Мұғалжар ауданында жалғастырды.

Клуб мүшелері осыған дейін облыстың Ойыл және Алға аудандарында тұрғындармен кездесіп, олардың әлеуметтік және басқа да мәселелерін шешуге, қолдау көрсетуге бағытталған іс-шараларды атқарған болатын.

 

Мұғалжарда өткен денсаулық сақтау, білім, мәдениет, кәсіпкерлік және т.б. салалар бойынша кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру барысында клубтың «Әйел және дін» атты 1-секциясының жұмысына «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары Айгүл Есетова қатысты.

Ауылдарда әйелдердің бастамаларын қолдау, сонымен қатар әйел адамдарды мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға араластыру, ауыл әйелдері арасынан жаңа кадрларды тағайындау, отбасын және әйел мен баланың денсаулығын сақтау – бағдарламаның басты мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, қоғамның ең өзекті мәселесінің біріне айналған - діни сауаттылықты арттыру да назардан тыс қалмады. Осы орайда А.Есетова жиналғандарға мемлекеттің дін саласындағы саясаты, дінге қатысты дұрыс сипаттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мектеп формасына қойылатын талаптар турасында толық баяндап берді. Кездесу барысында білікті дәрігерлер тарапынан екпеден бас тарту мәселесіне орай толық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қатысушылардың сауалдарына медицина тұрғысынан дәлелді жауаптар берілді. Шара соңында уақытының тығыздығына қарамастан кәсібін дөңгелетіп отырған 7 баланың анасы, оразасын ұстап, бес уақыт намазын оқитын, Ақтөбелік кәсіпкер әйел Айгүл Сабырқызы өз басынан өткен жағдайын баяндап, әйел-аналарға, қыздар қауымына жетістікке жетудің қыр-сыры туралы баяндап берді. Күн соңында барлық 7 секцияның жұмысы қорытындыланып, аудан тұрғындарына көрсетілген нақты көмектер, кәсіпкерлік, білім, денсаулық салалары бойынша қолдаулар жария етілді. Аталмыш шаралар жыл соңына дейін өзге аудандарда да жалғасын табатын болады.

Пікір үстеу


Қауіпсіздік коды
Жаңарту

Мақалалар / Статьи