Дін саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша ОКҚ өтетін брифингке

Дін саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша

ОКҚ өтетін брифингке (Астана қ., 5 желтоқсан 2016 жыл, 11-30 сағ.)

Құрметті журналистер! Сәлеметсіздер ме!

Соңғы уақытта жұртшылықты қоғамдағы діннің атқаратын рөлі, мемлекетіміздің зайырлылық құрылымы, діни қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған заңнаманың елімізде деструктивті діни ағымдардың таралуына қаншалықты тосқауыл бола алатындығы секілді өзекті мәселелер толғандырып жүр.

 

Осыған байланысты сіздермен кездесіп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің аталған мәселелер төңірегіндегі тұғырын білдіруді жөн көрдік.

Өздеріңізге белгілі, Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады.

Бұл жерде зайырлылық ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті болып табылмайтын мемлекеттік құрылысты білдіреді. Яғни, азаматтар арасындағы қатынастар, жалпы қоғамдық қатынастар мемлекет тарапынан заңдарда белгіленген құқық нормаларының негізінде реттеледі.

Мемлекет азаматтардың діни сенім бостандығына деген құқығына кепілдік береді, алайда діндердің саясатқа араласуына немесе мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруына жол берілмейді.

Басқаша айтқанда, заңдар барлығына міндетті болып табылатын жүрістұрыс ережелерін анықтайды және олардың орындалуы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі, қажет болса тіпті мәжбүрлеу тәртібінде қамтамасыз етіледі. Бұл – кез келген құқықтық мемлекеттің тәжірибесі.

Біздің еліміздегі діни қатынастар қабылданғанына биыл 5 жыл толатын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңмен реттеледі.

Бұл заңға сәйкес, ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі.

Егер қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы діни жиналыстарды өткізсе және бұл ретте тиісті тіркеуден өтпеген болса, онда оның қызметі заңға қайшы болып табылады және әкімшілік жазаға әкеп соғады.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының тиісті бөліктері бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландырғаны үшін тиісінше 50, 100, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Мысалы, кейбір адамдар білім жетілдіру, тіл оқыту курстарын, медициналық, қайырымдылық немесе басқа құрылымдар қызметін жүзеге асырған болып, дінмен айналысуға немесе оны таратуға тырысады. Бұны жасауға болмайды. Мұндай жағдайда дін істері басқармалары немесе құқық қорғау органдары оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл сала алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 18 конфессияны білдіретін 3636 діни ұйым өз қызметін жүзеге асыруда. Олардың басым көпшілігін ислам (2529) және православтық христиан (331) құрайды. Сондай-ақ, протестанттық, католиктік шіркеулер, буддистік, кришнаиттік, иудейлік және өзге де қауымдар бар. Нақ осыларға Заңда діни қызметпен айналысуға құқық берілген.

Құдайға құлшылық ету, жоралар, рәсімдер және діни жиналыстар сияқты діни шаралар заңмен белгіленген орындарда бөгетсіз өткізіледі.

Оларға ғибадат үйлері және діни бірлестіктердің өзге ғимараттары, құлшылық ету орындары, зираттар мен крематорийлер жатады. Діни іс-шаралар қажет болған жағдайда тұрғынжайлар мен қоғамдық тамақтандыру нысандарында өткізілуі мүмкін, мысалы, ас беру жоралары (7-бап 2 .т.), алайда мұнда жақын жерде тұратын тұлғалардың құқықтары мен мүдделері сақталуы шарт.

Бұдан басқа, діни іс-шаралар әкімдіктер тарапынан келісілген жеке үй-жайларда жасалуы мүмкін, мысалы, намазханаларда (5-баптың 7-тармағы). Онда намаз оқуға ғана рұқсат етілген, уағыз айтуға болмайды.

Барлық мешіттер мен өзге діндердің ғибадат үйлерінде өздерінің ішкі жүріс-тұрыс ережелері бар. Олар діндер мен діни қағидалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.

Дінге сенушілер ғибадат үйлеріне дұға оқу, өздерінің құдайға деген сезімдерін білдіру, рухани жетілу үшін келеді. Бұл әркімнің жеке басының ісі, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек.

Өкінішке орай, кейде ғибадат үйлеріне келушілер бізге кейбір деструктивті діни ағымдардың өкілдері тарапынан мешіттерде тәртіптің бұзылуы туралы хабар береді.

Олардың тарапынан қасақана елемеушілік, имамдарды дауласу мен шиеленіске итермелеу, тіпті имамдар мен келушілерді қорқыту фактілері орын алады. Кейбіреулері халықты мүлдем жат идеяларға шақыру, күштеп тықпалау арқылы мұсылмандардың бірлігіне нұқсан келтіруге тырысады. Кейде дәстүрлі рухани мәдениет заттарын қорлау мен бұзу, сондай-ақ зираттардағы қабір үстіндегі тастарды қирату секілді вандализм актілерін жасауға дейін барады.

Бұған бірлік пен келісімге шақыратын ислам діні тұрғысынан да, сондай-ақ адамгершілік пен азаматтармен қоса діни бірлестіктерді де қорғайтын заңдар тұрғысынан да жол берілмейді.

Осы ретте имамдар мен барлық ресми тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері мемлекеттің қорғауында екенін ресми түрде мәлімдейміз.

Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, дінге қатыстылығына байланысты азаматтарың құқықтарын бұзуға, қандай да бір дін өкілдерінің қадір тұтатын заттары мен құрылыстарын қорлауға Заңмен жол берілмейді.

Ғибадат үйлерінің ішкі ережелерін бұзатын, имамдарға, сондай-ақ басқа діндердің діни қызметшілеріне дұға оқуға кедергі келтіретін адамдар олардың ішкі ережелерін ғана бұзып қоймай, заңдарды да бұзады. Мұндай іс-әрекеттер нақты жағдайларға байланысты заңды діни қызметке кедергі келтіру (ӘҚБтК 490 б. 2 т.), бұзақылық (ұсақ бұзақылық – ӘҚБтК 434 б., қылмыстық – ҚР ҚК 293 б.) немесе діни алауыздықты қоздыру істері (ҚР ҚК 294 б.) ретінде бағаланады. Вандализм үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сондықтан, имамдар және басқа азаматтар құқық бұзушыларға қарсы құқықтық шаралар қабылдау үшін полицияға жүгінулеріне болады.

Сондай-ақ, заңда діни іс-шараларды өткізуге жол берілмейтін орындар белгіленген. Ең алдымен, олар – мемлекеттік органдардың, әскери құрылымдардың ғимараттары және білім беру ұйымдары.

Заңмен миссионерлік қызметтің тәртібі анықталған.

Діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады. Сонымен қатар, олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс (8 бап,1 т.).

Нақты айтсақ, бүгінгі күні елімізде 510 миссионер тіркелген. Тек солар ғана діни ілімдерді тарата алады. Яғни, егер сізге көшеде, таксиде, автобуста, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орында біреу бір діннің

артықшылығы туралы айта бастаса, бірақ оған тиісті рұқсаты жоқ болса, онда мұндай адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Егер діни ғимарат маңында, базарда, жатақханада, сауда-cаттық орталықтарында сізге келіп, дінді насихаттай бастаса – бұл заң бұзушылық болып табылады.

Миссионерлік қызмет талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тарту көзделген (ҚР азаматтарына – 100 АЕК көлемінде айыппұл, шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар айппұлға қоса ҚР территориясынан шығарылып жiберіледі).

Діни әдебиетті таратудың да белігілі тәртібі бар.

Азаматтар және діни бірлестіктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды сатып алуға және пайдалануға құқылы.

Бірақ, бұл ретте мұндай материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға рұқсат етілген.

Мұндай орындарға белгілі талаптарға сәйкес келетін кітап дүкендері жатады. Бүгінгі күні республика бойынша ресми түрде осындай 235 дүкен жұмыс істейді.

Базарда, көшеде немесе өзге де қоғамдық орындарда адамдарға өздігінен діни әдебиетті таратуға болмайды. Мысалы, егер сіз базарда әлдебіреудің діни әдебиетті сатып тұрғанын немесе таратып жатқанын көрсеңіз – бұл заң бұзушылық.

Жоғарыда аталған барлық бұзушылықтар бойынша немесе діни қызмет туралы заңның бұзылуына күдік болған жағдайда азаматтардан жергілікті ішкі істер органдарына «112» телефон номері арқылы, жергілікті дін істері басқармаларына немесе кеңес алу үшін – «114» қауырт желісіне хабарласуды сұраймыз.

Мемлекетке діни әдебиетті тарату үшін әкелу тек діни бірлестіктерге дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін рұқсат етіледі.

Миссионерлер өз жұмысында тек сараптамадан өткен діни әдебиетті пайдалана алады. Мұндағы мақсат мемлекетте экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату және пайдалануға жол бермеу.

Дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған әдебиеттер тізімі Дін істері комитетінің ресми сайтында орналастырылған.

Өкінішке орай, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңын түсіндіру бойынша мемлекет жүргізіп отырған ауқымды жұмысқа қарамастан, базарларда, вокзал аумақтарында діни әдебиеттерді заңсыз тарату фактлері орын алуды.

Азаматтарды осындай істерден сақтандырғымыз келеді, себебі діни әдебиетті тарату талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілік пен жазаға әкеп соғады (ӘҚБтК 490-бабының 3-тармақшасы, 1 бөлігі – қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 50 АЕК, заңды тұлғаларға 200 АЕК көлемінде айыппұл).

Құзыретті органдар елімізде діни қызмет туралы заңнама ережелерінің мүлтіксіз орындалуына бақылауды қамтамасыз етеді.

Діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзушылықтың басым бөлігі миссионерлік қызметті тіркеусіз жүргізу, заңсыз діни жиналыстарды өткізу, заңсыз жерлерде діни әдебиеттерді таратумен байланысты.

Қорытындылай келе, азаматтарды діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы сақтауға шақырамыз. Маңайларыңызда заң бұзушылықтар орын алып жатқанда немқұрайлық көрсетпеулеріңіз қажет. Заң бұзушылығына жол бермеу үшін белсенді азаматтық ұстаным мен қырағылық танытуды сұраймыз.

Азаматтардың заңды мүлтіксіз орындауы – өркениетті қоғамның белгісі және мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі.

Мақалалар / Статьи