«Радикалды теріс діни ағымдардың қоғамға кері әсері»

Әлемдік дәстүрлі діндердің барлығы да адамзаттың бақытқа қол жеткізуін қалайды. Ал сол дәстүрлі діндердің атын жамылып, сенімге селкеу келтіретін басқа мүддені көздейтін идиологиялық ойлар да жоқ емес.

Олардың дәстүрлі дін бағытынан өзгешелегі сол – адамзаттың бақыты үшін емес, тек қана белгілі топтың басқаларды басып-жаншып, өздері солардың үстінен үстемдік құрғысы келетін қолдан жасалған радикалды көзқарас қалыптастыратын діни теріс ағымдар да бар. Кез-келген теріс бағыттағы діни ағымдардың мақсаты мансапқа, байлыққа қол жеткізу екендігі белгілі. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін адамзаттың ажырамас байланысы болған діни сенім арқылы халық арасында әр-түрлі пікір қалыптастырып елді екіге бөлу арқылы мемлекетті ыдыратқысы келеді. Осы тектес әдіспен әлемдегі кейбір мемлекеттердің шаңырағы шайқалғанын қазіргі таңда біз куә болып отырмыз.

Соның ішінде, қазіргі таңда әлемге үрей тудырып отырған ДАИШ (ИШИМ) террорлық ұйымы болып отыр. Енді сол ұйым туралы аз-кем ақпарат беріп көрелік. Бұл ұйым Саддам Хусейіннің режимі ыдырағаннан кейін және Сирия жерінде «Араб көктемі» деген көтерілістерден бастап пайда бола бастады. Кейін Сирия президенті Башар Асадтың билігіне қарсы келіп, елде халық ішінде бүлік шығара бастады. Бұл бүліктің соңы қанды-қырғын соғысқа ұласып та кеткен еді. Осылайша бұл ұйым өздерін Ислам мемлекеті ретінде әлемге өздерін жар салды. Бірақ, бірде-бір мемлекет бұл ұйымның мемлекет екендігін ресми растаған жоқ. Себебі, бұл топтың мемлекет құру функциясында мемлекеттілікке сай алғышарттар байқалмайды. Мәселен, мемлекеттің мемлекет болып танылуы үшін талаптары бар. Ең бірінші, мемлекеттің өз алдына дербес тұрақты территориясы болуы керек. Ал бұл жерде ДАИШ ұйымының нақты шегарасы әлі белгіленбеген. Бірде біраз қалаларды басып алып отырса, ал енді бірде сол уақытша иелік еткен жерлерінен қарсы әскер күшіне төтеп бере алмай айырылып қалып отырған. Екіншіден, сол мемлекеттің тұрақты тұрғылықты халқы болуы керек. ДАИШ ұйымы иелік еткен жерлерде тұрақты тұрғылықты халық мүлдем жоқ. Үстемдік еткен жерлеріндегі халықты күштеп өз ұйымдарына кіргізген. Кейін көбісі ол аумақтардан қашып кеткен. Үшіншіден, басқарушылық жүйесі яғни кибернетика ұғымына сәйкес келетін жағдай болуы керек. Бұл дегеніміз мемлекеттің мызғымас бөлшегі. Өйткені, әр мемлекетте өзіне сәйкес заң нормалары, басқару билігі және өзге де сол мемлекетке қажетті салаларды қамту қажет. Ал төртіншіден, құрылған мемлекет халықаралық аренда белгілі дәрежеде салмағы (халықаралық келісімшарттарға қатыса алатын және т.б. мемлекеттермен құқықтық қатынастары) болуы тиіс. Сондықтан да, Ислам мемлекетін құрамыз деп жалған көзқарасқа тап болып, сол жаққа ағылып жатқан кей адамдардың әрекеттері негізсіз.

ДАИШ ұйымы Ислам дінінің атын жамылып, Пайғамбардың атынан жалған сөз сөйлеп, нәпсілеріне ерік беріп, жалған қолдан жасалған пәтуаларға бой алдырған топ. Бұл ұйымның мүшелері Ислам дінінен ешқандай да толық хабары жоқ, діни сауатсыздар.

Міне, осыншалықты әлемге қауіп төндіріп отырған бұл ұйымның қызметінің алдын-алу шарасының бірі ретінде 2015 жылы қазан айының 15-ші жұлдызында аталған ұйымға сот шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында қызметіне тыйым салынды.

Сондықтан да, уақыт өскелең ұрпақтың рухани сұранысын өтеуде өте сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Өйткені, сәл болмашы қате басылған қадам арқылы барлық өмірді сағымға айналыдыру әп-сәтте. Жас буын еліктегіш, сенгіш келеді. Мұндай қисық жолдың арбауына тез ілігіп қалады. Сондықтан да, әр отбасы баласының діни рухани қызығушылығын қанағаттандыру жолында байыппен, аса жауапкершілікпен сезіне қарау өте маңызды.

 

Сүлейменов Жандаулет Отарбайұлы

 

"Аңсар" ақпараттық - талдау орталығы КММ басшысы

 

Мақалалар / Статьи