Ислам дініндегі қазақ салт-дәстүрлерінің көріністері

Қазіргі таңдағы дін мен дәстүр сабақтастығы қоғамдағы өте нәзік те күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Бұған түрлі діни ағымдар әсерінен пайда болған дәстүрге деген қайшылық себеп болса керек.

Әлемде қанша халық болса сонша сенімнің де бар екендігі белгілі. Соның ішінде қазақ халқы ерте кезеңнен бері Ислам дінін берік ұстанып келеді. Алайда, оның кеңінен насихатталуы тек соңғы жылдарда ғана етек ала бастады. Жастарымыздың басым көпшілі дінге бет бұрып, араб елдерінде діни сауаттылығын жетілдіруге қызығушылық танытып, елімізге шет елден дін насихаттаушылар көптеп келе бастады. Бұл көңіл қуантарлық жағдай болғанымен, оның кері әсерінің болғаны да жасырын емес. Соның салдарынан ислам діні сан тармаққа бөлініп, қазақтын санасына сіңген дәстүрлі діннен алшақтай қарайтын көзқарастар қалыптасты. Кез келген ұлт дәстүрін дінге, шариғатқа қарай ықшамдайды. Сол секілді, біздің еліміз Ислам дінінің 73 тармағынан, негізгі төл мектебінен екшеленіп, еленген қазақтың таным-түсінігіне, салт-санасына етене жақын, Орта Азияда кең таралған ислам діни мектебінің Әбу-Ханифа мәзхабын ұстанады. Бұл мектептегі ислам діні қағидалары қазақ ұлтының салт-дәстүрлерімен үйлесімділік тапқан. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050 Стратегиялық бағдарламасында»: «Біз мұсылманбыз. Оның ішінде Әбу-Ханафи мәзхабын ұстанатын сунидтерміз», – деп қадап айтты. Сонымен қатар, Елбасы: «Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді,  ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі  ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтағаны абзал», - деген болатын. Бұдан шығатын қорытынды, дін мен дәстүрді бір-бірінен бөле жармай тұтастықта қарау.

      Араб елдері ислам дінін таратушы негізгі аймақ болып саналады. Сондықтан болса керек, араб  халқының кейбір ғұрыптары шариғаттың  да анықтағыш  нормасына  айналды. Араб елдерінде діни сауаттылығын жетілдіруші жастардың көпшілігі ол жақтан тек діни теорияны ғана меңгеріп қоймай, арабтың салт-дәстүрін де қабылдап келіп жатыр. Яғни, біздің ойымызша, олар әлі де болса діннің теориялық негізі мен дәстүрді бір-бірінен ажырата алмай жатыр. Жоғарыда атап өткендей, кез келген ұлт діннен екшелеп өзінің дәстүріне келетін бөлігін ғана алады. Сол сияқты, арабтар да ислам дінінің ішінде өздерінің әдет-ғұрыптарына, табиғи жағдайларына келетін бөлігін таңдап қабылдаған. Алайда, білім алушы жастар дінмен қоса олардың дәстүрін де қабылдап, адасушылыққа жиі ұрынып жүргені жасырын емес. Осыған байланысты халық арасында әртүрлі қарама-қарсы түсінік туындады. Мысалы: Сәлем салу – дәстүрімізде үлкен кісілерге құрмет пен ізеттілік танытып, кішкене еңкеюмен жүзеге асады. Егерде рукуғ секілді қатты енкейетін болса, сәлем салудың сипаты бұзылмақ. Кейбір Ислам ғалымдары солай дейді. Олай болатын болса намаздың шарты болып саналатын, тек намазда жасалатын сәжде мен рукуғқа кішкене еңкеюді теңдестірудің өзі ақылға қонғысыз. Өзге діндегілер сияқты ер кісілермен келіннің қол алысып амандасуына қарағанда «сәлем бердік» — деп үлкенге кішкене ғана еңкейіп құрмет білдіруі, «өркенің өссін!», «бақытты бол!», «көп жаса!» -  деген сияқты ақ батасын алуы әлдеқайда жақсырақ.  Көптеген мұхаддистердің «Сахих» кітаптарында ең бірінші келтірілген Аллаһ Елшісі (с.ғ.с) хадисінде «Расында іс-амалдар ниетке байланысты және әрбір кісіге ниеттенген нәрсесі тиесілі» — дегеніндей сәлем салушы келіннің ниеті қандай екенін білумен-ақ мәселе шешіліп жатыр. Егерде сиыну мақсатымен еңкейсе, үлкен күнәға ұрынып ширк жасағанмен тең болады. Алайда ізеттілік үшін еңкейіп сәлем берген келіндерді, олардың ниеті құрмет үшін екенін біле тұра қалайша мүшрик (серік қосушы) деп санаймыз. Қазақы салтымызда кішіден ізетке лайық болған үлкендердің барлығы адамдарды өзіне табындырған Перғауын секілді болғаны ма? Әрине, әсте олай емес. Төмендегі мысалдарға ой жүгіртіп көрелік.

Барлығымыз Құранда айтылған Адам (ғ.с) ата қиссасынан білетініміздей Аллаһ Тағала Адамды жаратып, сосын оған құрмет есебінде сәжде қылыңдар деп бұйырған еді. Сонда ібілістен басқа барлық періштелер сәжде қылғанын білеміз. Юсуф пайғамбарға (ғ.с) жұлдыздар (бауырлары) мен күн (әкесі) және ай (анасы) түсінде сәжде қылғандығы жөнінде де аят бар. Спорт әлеміндегі күресті алып қарайтын болсақ, кей кездерде қарсыласы құшақтап алып құлатуына берілмеу үшін қарама қарсы рукуғ емес тіпті сәжде дәрежесінде жатып алатынын білеміз. Сонда осыны қарсыласына сәжде еткенмен тең деп ойлаймыз ба? Әрине жоқ, ол күрестің тәсілі болып саналады емес пе?! Немесе каратэге түсер кезде екі қарсылас бір-біріне басын изеп кішкене еңкейетін жайы бар. Бұны рукуғ деп айта аламыз ба?

Егер мұндайдың барлығын ширкке жатқызар болсақ, базарда жүріп қолымыздан түсіріп алған алма, өрігімізді жинап алу үшін еңкейіп жүруіміздің өзі қаншама кісіге табынғандық болып есептелетін болалыды.

Дін - адамзат баласына киім үлгісін емес, жаңа дүниетаным,  көзқарас, әлемді ақиқат көзімен қарай  білу,  соған сай сөз сөйлеу, іс әрекет жасауды үйрететін ілім. Бұл туралы қасиетті Құранда айтылады: «Сенің  киімің – тақуалығың, сыртыңдағы емес, ішкі  дүниең». Яғни, сыртқы киім арқылы қандай да бір діни көзқарасты дәлелдеудің қажеті жоқ, ең алдымен ішкі жан дүниенің тазалығына мән берген жөн. Ислам діні үшін адамның тақуалығы, иманы бәрінен жоғары.

         «Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» демекші, біз қазақтың салт-дәстүрін толық сақтап қаламыз деп айта алмаймыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та кей дәстүрлер уақыт өте келе ұмытылып қалады. Бірақ, толықтай одан айрылу ұлт ретінде жойылуға әкеліп соқтырады. Сондықтан дін мен дәстүр сабақтастығына көп көңіл бөлген абзал. Қалай десек те, біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір  жағынан ислам дінін ұстанып, екінші  жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Бұл кейбір біржақты діни  ағымдарға тосқауыл қоюдың  бірден бір тәсілі.

        Діни алауыздықтың туындауына әлеуметтік желі де айтарлықтай әсер етті. Себебі, ислам атын жамылушы әртүрлі ұйымдар осы желі арқылы өздерінің астыртын әрекетін еш кедергісіз жүзеге асырып жатқаны белгілі. Әлем бойынша өзекті мәселеге айналған террорлық әрекеттер осының айғағы. Ислам – адамзат баласын жоюшы емес, біріктіруші, бейбітшілікті қолдаушы дін. Оның ең негізгі мақсаты - ешкімге қиянат жасамау, кішіпейілдік, ата-ананы, үлкенді сылау, тату-тәтті өмір сүру.

        Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға бой  ұсыныңдар, одан кейін Алланың елшісіне  бой ұсыныңдар, одан кейін өздеріңнің  араларыңнан сайланған басшыларыңа бой ұсыныңдар!», – дейді. Ол біздің қазіргі  қоғамда елбасы, рухани өмірімізде бас муфтиіміз. Сондықтан, бейбіт елде берекелі өмір сүру үшін жікке бөлінбей, бір орталыққа бағынып, бірлестікте өмір сүру қажет.

 

Құдайберген Мақсат Мұратұлы

 

Ақпараттық түсіндіру және оңалту жұмысы жөніндегі бөлімінің басшысы

 

Мақалалар / Статьи