Ата дініміз дәріптеген дәстүрлі жол мен дәстүрден тыс діни ағымдардың арасындағы айырмашылықтары

Ислам сөзінің өзі «тыныштық», «бейбітшілік», «қауіпсіздік» деген мағыналарды білдіреді. Ислам әрқашан адамдарды татулық пен берекеге, бірлікке шақырады. Шариғат заңдарын шынайы ұстанған нақ мұсылман адам өзгеге сөзімен де, ісімен де зиян келтірмейтін адам.

 

Қазақ халқының ислам дінімен таныс болғанына он екі ғасырдан астам уақыт өтті. Содан бері халықтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.

Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Ата дініміз дәріптеген дәстүрлі жол дегеніміз де шариғат заңдарынан аспайтын қазақы салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға негізделген, біз ұстанатын хақ дін. Себебі Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», - деп бұйырған.

Ал енді ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтар болсақ, олар исламға дейінгі заманнан бастау алып, ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз. Салт-жоралғыларымыздың кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген балаға азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, бақилыққа атанған адамның жаназасын оқып, жер қойнауына бергенге дейін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің Исламнан нәр алғанын байқаймыз. Қазақтың қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге сынды көптеген ұлттық ойындарымыздың бірі де ешқандай құмар ойынға жатқызылмайды. Бірақ қазіргі қоғамымызда мұсылманшылыққа  жат кейбір әдетке айналған күнәлі істерге адасқандардың жолына ілесу, харамға қол салу, өтірік айту, жемқорлық, парақорлық, ысырапшылдық, аманатқа қиянат жасау, әйелдердің еркекке ұқсауы, ашық-шашық киінуі, болашақты болжау, ата-бабасымен, тегімен мақтану және әділетсіздік жатады. 

Ал келіннің ата-енесіне, үлкендерге сәлем салуына қарсы шығып, оны ширкке, яғни Хақ Тағалаға серік қосу деп балағандарға айтарымыз: Аллаға серік қосу мен құрмет көрсетуді шатастырмау керек. Егер Құдай көп десең, бұл міне – серік қосу. Ал, келіннің құрмет көрсету мағынасында ата-енесіне, жасы үлкендерге иіліп сәлем салуы - ата-бабадан келе жатқан керемет дәстүрлеріміздің бірі.

Аруақты сыйлау турасында айтып кетер болсақ, бұл жерде де мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союда емес, мәселе – ағайын-туыс, құда-жекжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Өлімнің артын күтудің өзі – қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны.

Орта ғасырларда күллі Ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез келген сөз зергері әңгімесін Аллаһтың атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Мысалы, Ыбырай Алтынсарыұлының «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қара сөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» осы айтылғанның бірден-бір айғағы.

Дәстүрімізді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралау дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қою деген сөз. Ежелден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүріміздің бәрінен бірдей бас тартар болсақ, кеше ғана пайда болған халық сияқтанып қаламыз ғой, рас қой.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, тәбәрік тарату, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине, мұсылман дінінде, нақтылап айтсақ, араб халқында жоқ. Алайда, біз араб емеспіз.

Құранда Аллаһ тағала ешбір ұлттың шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына тыйым салмаған, тек иманды болуды және Жаратушысын ұмытпауды, Өзіне ғана құлшылық жасауды талап еткен. Аллаһ Тағала рухани тазалықты бағалайды, іс-әрекеттің өзін емес, оған арқау болған ниетті негіз етеді. Міне, осы біздің ата дініміз дәріптеген, біз жүретін дәстүрлі жол.

Алайда, соңғы кезде теріс ағымның сойылын соғушылар мен дүмшелер исламның атын жамылып, оны үрейлі, қорқынышты, қатал дінге айналдырып, беделін түсіруде. Олар ізгілікті сөз ете отырып, салттар мен сезімдерді қаралайды, мейірімділікті насихаттап отырып, өзгелерге тасбауырлық танытады.

Дәл сондай жат пиғылды теріс ағымдардың бірі уаһһабилік немесе «псевдосәләфилік (жалған сәләфилік) ағым». Аталмыш идеология Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Орта Азия елдеріне, соның ішінде қазақ жеріне тәуелсіздік алған соң келе бастады. Әуелгі уақытта ағым өкілдері қайырымдылық қорлар, діни сауат ашу курстарын, араб тілін үйрететін оқу орындарын ашып, көптеген жастардың санасын улады. Одан қала берсе, орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты таяз қандастарымызды өз қатарларына тартты. Тоқсаныншы жылдарда көптеген жастарымыз діни білім алу мақсатында араб елдеріне бет алды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккен кейбір жастар оқуын тәмамдап, елге оралған соң сол ағымды таратып, өз ұстанымдарын жаюға көшті.

Олар алғашқы кезде дінге ықылас танытқан адамға түрлі діни әдебиет, ғаламтор сайттарына түрлі уағыздар жазылған үнтаспалар мен бейнетаспалар ұсынды. Бұл уағыздарда ашық түрде жиһадқа шақыру, халифат құру секілді экстремистік идеялар болмайды. Бірақ бұл кітаптар мен парақшалардың негізгі мақсаты – адам санасына «ширк», «бидғат» сынды адасқан ағымның базалық идеяларын сіңіру, сол арқылы болашақта экстремистік идеяларды, яғни кәпірлерге, адасқандарға қарсы жиһад, мемлекеттік құрылымды құлату әрекеттерін жатсынбайтындай етіп тәрбиелеу болып табылады.

Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы 4 мәзһабтың біреуін де ұстанбай өздерін «сунна» жолында жүрміз, «сәләфпыз» деп санайды. Ал, шын мәнінде ислам тарихындағы шынайы сәлаф жолын ұстанушылар қоғам бірлігі мен ынтымағына, мұсылманның ауызбіршілігіне сызат түсіретін ешқандай оғаш қылық пен іс-әрекет жасамаған. Тілін кәлимаға келтірген әрбір жанды мұсылман санап, тіпті күнәһар бауырын да «кәпір», «мәшрүк» демеген. Ал өздерін «сәлаф» санаған аталмыш ағым өкілдері өз сенімдерін ұстанбаған мұсылманды «кәпір», «мүшрік» деп, ондай жанға қол көтеруді де күнә санамайды. Әһлу сүннет ғалымдары рұқсат беріп, қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келген кейбір діни мәселелерді «бидғат» санап, мұсылман жамағаты арасына іріткі салуда. Қоғамда қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлерді мансұқтап, мемлекеттің заңы мен құқықтық жүйесіне де қарсы шығады. Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді діни білімі таяз, өресі жете бермейтін қарапайым мұсылмандар шеше салатын мәселе секілді үлкен дауға айналдыруда. Сонымен қатар, намаз оқымаған ата-ана, ағайын-туыс, жолдас-жораларынан «мұсылман емес» деп қарым-қатынас үзуде. Өз ата-анасына қарсы шығып, намаз оқымағандықтары үшін «кәпір» санап, тіпті берген асын ішуден бас тарту, орамал тартып, арын сақтауды көздеген адал ниетті қыздарды нәпсісі үшін пайдаланып, артынша «талақ» бере салу, мазаққа айналдыру, қараусыз қалған жетімдерді көбейту оқиғалары көрініс бере бастады. Алғашқы мұсылмандар секілді амал етуге тырысқанымен, өкінішке орай, қазіргі «сәлаф» жолын ұстанамын деушілерде мұсылманға тән әдеп пен ибалықтың нышаны да байқалмайды.

Біздің елімізде деструктивті ағымның шырмауына 17 мен 40 жас аралығындағы жастар, соның ішінде студенттер көбірек түсуде. Ағым ҚР аумағында ресми діни бірлестік болып тіркелмегеніне қарамастан бүгінге дейін олар хақ дінімізге орны толмас залалын тигізіп, діннің көп әйел алуға рұқсат берген кеңшілігін дұрыс пайымдамай, үйлену мен ажырасуды нәпсі қалауларына қарай дінді жамылған зина деңгейіне дейін түсіріп, қарапайым жұртшылықты Исламға үрке қарайтын жағдайға жеткізді.

Мешітке келушілердің көкей кесті мазалаған сұрақтарына жауапты имам беруі тиіс. Ал олардың адамдарды имамға емес, өздеріне ғана құлақ асуға шақыруымен қоймай үстіртін, қате жауап беруі үлкен олқылық болып табылады. Кір-қожалақ, олқы-солқы киіммен адамдарды үркітіп, дінге шақырушы топтың тазалыққа ден қоймауы ата дінімізді ардақтап, тән тазалығы мен жан тазалығын ұштастырып, оны қатаң сақтай білген, сыртқы болмысына зор мән берген мұсылмандар үшін тіптен жат қылық.

Жалпы дінге жаңадан бетбұрушы жастарға, жасы үлкендерге де айтарымыз, уағызды да тек мешіт имамдарынан тыңдаңыздар. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстанымына толық сай құлшылық амалдарын жасап, сан ғасыр бойы ата-бабамыз қадір тұтып келген Ханафи мәзһабын ұстаныңыздар.

Десек те, мұсылман болу үшін тек діни сауатты болу да жеткіліксіз. Әр қазақ баласының бойында ұлттық ар-намыс, ұлтжандылық болуы керек. Мұсылмандықты шариғат аясында қазақы болмысымызбен орындап, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді де қастерлеуіміз қажет, өз асылдарымызды ардақтап, өз дәстүрімізді дәріптегеніміз жөн.

Мәди Орынбай,

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теологы 

Мақалалар / Статьи