47ca3607-d1cf-4d9c-b35c-4617dd1aef89

Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі

Жеті ата

«Жеті ата» (ғұрып), «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» (Мәтел). Әр адам өзінің жеті атасын білуі — көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз»—деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата-ананың басты борышы. Мысалы: өзі, әкесі, атасы, бабасы және онан арғы ата-бабасының есімдерін білу жеті атаны білу деген сөз.
Жолаяқ
Ұзақ жолға шықпас бұрын, жолаяқты жол жүрушілер жасайды. Жақындары мен жора-жолдастарына дастарқан жайып, шамалары келгендер қой сойып, қазан асады. Жолаяққа келген адамдардың тілегі – жолдың жақсы болуы. Үлкендерден бата алады. Тойға алыстан келген сыйлы қонақтарын той иелері «жолаяқ» жасап шығарып салады. Жолда тұрып, кішігірім дастарқан жайып, келген аяқтарына гүл бітуін тілеп бір-біріне тілектер айтады. Сонау жерге келгендеріне рақыметтерін айтады. «Жолаяқ» сыйластықтың белгісі.
Итаяқ
«Итаяқ» (дәстүр). Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, үлкен әжелері оған «итаяғыңа» сал деп сақина, күміс, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяқ» деген келіншек босанып баланы алғаш шаранасын жуатын суға, яғни «шілде суына» әлгіндей күміс, жүзік, сақина, түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені шомылдырып жуады. Шомылдырып болғаннан кейін әлгі заттарды сол жердегі әйелдер ырым ғылып бөлісіп алып, мәз-мәйрам болып тарқасады.
Кіндік кесер
Кіндік кесер (салт).Ел ішінде «кіндік шешесі» немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың «жол менікі» деп аталатын кездері де болады. Кіндік кесу — мәртебелі абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге «кіндік кесер» кәдесі беріледі. Кейінде «кіндік шеше» деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. «Кіндік шеше» кейін келіп бала үйінен өз қалауын ала алады. Баланың кіндігі түскеннен кейін «елдің қорғаны болсын» деп ер баланың кіндігін ат шаптырым жерге апарып көмеді. Қыз «Отбасының тірегі болсын» деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.
Қалжа
Қалжа (ғұрып). «Менің сорлы шешеме қалжа қайда, Қой сат деп әкем шапты көрші байға» (С. Торайғыров).Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып, берілетін тамақ-«қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да «қалжа» әкеледі. Бұл әрі сыйластық, кұрмет, әрі босанған әйел тез сауығып кетсін деген мақсаттан туған елдік дәстүр, ғұрып.
Қырқынан шығару
Қырқынан шығару (салт).Ерте заманнан келе жатқан әдет қазақ туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарған. Қырық күн өткеннен кейін баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп есептелген, себебі қазақ халқының ұғымында қырық саны қасиетті сандардың бірі. Нәрестенің ит көйлегін шешкен күні, яғни қырқынан шығарған күні ауылдағы әйелдер жиналады, ішіндегі немерелі-шөберелі болған кемпірдің бірі, немесе абысыны немесе өзінен үлкен әйел қырқынан шығару ырымын істейді. Баланың қарын шашын қалаған адамына (ер адам немесе әйел адам) алғызады. Бала шомылдырып ыдысқа шақырылған ауыл әйелдері 40 қасық су құйып, сақина, жүзік сияқты заттар салады, теңгелер салған суға баланы шомылдырып, сонан соң шашы мен тырнағын алған. Сақиналарды бала шомылдырған әйелдер өзара бөліскен. Кейбір қарт әйелге көйлектік маталар береді. Баланың қарын шашын алған еркекке де азын-аулақ сыйлық береді.
Баланы қырқынан шығарғаннан кейін, ит көйлекті шешкен соң, оған тәтті бидай, жүгері қуырып салып, түйіп иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті қуып жүріп, мойнындағы «ит көйлекті» шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Ит көйлекті ырым деп, баласы жоқ әйелге береді. Онысы – барлық адамды қуантатын баласы көп болсын дегені. Кейіннен бұл әдет ұмытыла бастады.

Комментарии закрыты.