80bbc69e-52cb-4a7b-a3dc-5a4f67ce0b8c

ҚМДБ-НЫҢ БИЫЛҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ОРАЗА АЙТ МЕЙРАМЫН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі Ораза айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз.

Ораза айт мерекесі – бір ай бойы шынайы ықыласпен ораза ұстап, әр күнін жақсылық жасаумен өткізген адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла Тағала құдси хадисте: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…», – деген.

Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес.

Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): «Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші ракағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші ракағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші ракағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды», – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады. ⠀
Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген.

Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру – сауапты әрі игі іске жатады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады» – деп өсиет еткен.

ҚМДБ

Комментарии закрыты.