fd17e5ae-ba1c-4f83-a565-e1e6bc284393

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖАНАЗА НАМАЗЫНА ҚАТЫСУДЫҢ ҮКІМІ

Пандемия деп – қауіпті індеттің әлемдік ауқымда таралуын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде әр адам санитарлық гигиена талаптарын қатаң сақтауы тиіс, көпшілік жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартуы қажет.

Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына аманат ретінде қарайтын дін.
Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен. Сондықтан әрбір адам баласы өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және қауіп-қатерден сақтануға міндетті.

Мұсылман ғалымдары:
«Залалды жою – пайда келтіруден бұрын тұрады» деп тұжырымдаған.
Сондықтан жұқпалы ауру тараған кезде азалы жиынға көпшілік болып жиналу еліміздегі санитарлық тәртіпке қайшы. Сол себепті мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу істерін марқұмның ең жақын туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая.
Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі», – деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады.
Сонымен қатар, жаназа намазын арнайы орындарда өткізген дұрыс. Жолда, қоғамдық орындарда жаназа намазын оқу – мәкруһ.

ҮКІМ:
Әрбір адам өз өмірі мен денсаулығын сақтауы – парыз. Сондықтан пандемия кезінде жаназа намазы мен жерлеуге қатысты төмендегі шараларды орындауы қажет:
1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
2. Жаназа намазын жолда, халық көп жиналатын жерде, қоғамдық орындарда өткізбеу;
3. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;
4. Зейнет жасындағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспау;
5. Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;
6. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар міндетті түрде бетперде тағу, қол алысып амандаспау.

Дереккөз: muftyat. kz

Комментарии закрыты.