0d5dbbe7-dedd-4519-8380-5e3f40f00373(2)

Толеранттылық-өзгенің пікіріне, сеніміне, көзқарасына құрметпен қарап, төзімділік таныту. Әлеуметтанушылар топ ерекшеліктеріне қарай төзімділіктің бірнеше түрлерін келтіреді.

Ұлттық не этникалық төзімділік: Қандай да бір ұлттың – өзге тайпаның, халықтың, нәсілдің мәдениетіне, тіліне, салт-санасы мен дәстүріне деген төзімділігі. Төзімділіктің осы түрі жойылған кезде бір ұлт тарапынан екінші бір ұлт өкілдерін кемсіту мен қорлау немесе келемеждеу мен мазақтау секілді жағымсыз әрекеттер орын алады.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде: «Қара нәсілді адамдарды да дос тұтыңдар, өйткені олардың үш ұлық адамы: Лұқман хәкім, Нахоший, Эфиопиялық азаншы Біләл пейіште болады», – деп айтқан. Яғни, ол кезде тек құл ретінде қабылданған нәсілді өзіне дос тұтуды дәріптеп, орынсыз бөліну мен қақтығысудан қайтарған.

Әлеуметтік төзімділік: Төзімділіктің бұл түрі әлеуметтік теңсіздіктен келіп шығады.

Хадисте «Кімде-кім өзінен байырақ немесе ақылдырақ адамды көріп қалса, дереу өзінен кедейірек әрі ақылсыздау адамдардың бар екенін есіне алсын», – делінген, яғни, мұсылман баласын шүкір етіп, өзегін өртейтін бос күйінішке түсуден аулақ болуға шақырады.

Діни төзімділік: Қандай да бір конфессия өкілінің өзге бір діни сенімнің ұстанымдары мен сенімдік ерекшеліктеріне құрметпен және төзімділікпен қарауы.

Діни төзімділіктің екі сатысы бар. Біріншісі – бір діннің екінші дінге деген төзімділігі болса, екінші сатысы – бір діннің ішіндегі ағымдары мен бағыттары арасындағы төзімділік. Мысалы, мұсылмандар мен христиандардың қатынасы бірінші саты деп алсақ, екінші сатыға ханафи, малики, шафиғи, ханбали мәзһабтарының арасындағы құрметті келтіруге болады.

Қазіргі кезде әлемдік дәрежеде екінші сатыдағы төзімсіздіктің орын алуы жиі байқалады. Мысалы, ислам атын жамылған радикалды топтардың дәстүрлі исламдық бағыттағы мәзһабтарды кәпірге шығаруы және оларды ең бірінші дұшпаны ретінде насихаттауы осының айғағы. Нәтижесінде мұсылман үмбеті мен олар мекендейтін елдерде дүрдараздықты күшейтуде.

Рахымжан РАШИМБЕТОВ

Комментарии закрыты.