Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген коронавирус көптеген елдерге тарап үлгерді. Вирусты жұқтырған адам саны артуда. Бұл дерт бізді де алаңдатып отыр деп хабарлайды muftyat.kz. ⠀
Сол себепті, әр адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты тұлға болғандықтан, әрқашан сақтық шараларын жасауы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деген. Ал халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар.
⠀
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеруге шақырады.
⠀
Ал жамағатпен оқылатын бес уақыт намазға қатысқан жағдайда құлшылықтан кейін қол беріп амандасудан, бір орынға жиналып дұға етуден сақтануымыз аса қажет. Өйткені, құлшылықтан кейін қол алып амандасу намаз шарттарына жатпайды.
⠀
Мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз:
⠀
Мешітке бетперде (маска) киіп келу;
Намаздан тыс мешітте топтаспау;
Мешітке үйден дәрет алып келу;
Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;
Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
Қариялардың, науқастар мен әйелдердің жамағат намазына қатыспағаны абзал.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар», – деген (Муслим).
⠀
Сондықтан барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға шақырамыз.
⠀
Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан, жаман аурудан сақтағай! Әмин!
⠀
Дереккөзі: muftyat.kz