Бүгінгі таңда кейбір жастар дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқты жууға» жеңіл қарап, жаз болсын, қыс болсын жұқа шұлыққа мәсіх тарта салуды әдетке айналдырып, тіпті өзгелерді де осыған уағыздап жүр. ⠀
⠀
Дәлел ретінде Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне (наъл – аяқ киімнің тәбішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі) мәсіх тартты» деген хадисті келтіреді.
⠀
Алайда бұл хадис көптеген хадис ғалымдары бойынша «сахих» емес. Әбу Дәуід, ән-Нәсаий секілді хадис ғалымдары бұл хадисті «әлсіз» деген. Әт-Тирмизидің хадис жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим да жоғарыдағы хадисті және пайғамбарымыз (с.а.у.) шұлыққа мәсіх тартты деген басқа үш хадистің де түгелдей «әлсіз» екенін білдірген.
⠀
Негізінде Муғира ибн Шуъбадан пайғамбарымыздың (с.а.у.) шұлыққа емес, мәсіге мәсіх тартқандығы дұрыс жолмен риуаят етілген.
⠀ ⠀
Имам ән-Нәуауий жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді: «Бұл хадис – әлсіз. Көптеген Хафыз ғалымдар әлсіз деген. әл-Бәйһақи бұл хадисті «мүнкәр» дей отырып Суфиян әс-Сәури, Абдур-Рахман ибн Мәһди және Ахмад ибн Ханбал, Али ибн әл-Мәдини, Иахия ибн Мағин, Муслим ибн Хажжаж секілді мәшһүр хадис ғалымдарының да «әлсіз» деп бағалағанын жеткізді
⠀
«Дін мен діл» (Қ.Жолдыбайұлы) кітабынан ықшамдалып жазылды.