– Иіліп сәлем беруді «ширк» – Аллаға серік қосу деп таныған бірде-бір шариғи үкім жоқ. Ислам ғалымдары иіліп сәлем беруге қатысты төмендегі жалғыз хадисті келтіреді.
⠀
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі: «Бізден бір кісі («мұсылмандардың бірі», «мұсылман адам» деген мағынада) өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған иіле ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Оны құшақтап, сүйе ме?» деп сұрағанда да Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Қолын алып, амандаса ма?» деп сұрайды әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап береді.
⠀
Исламтанушы ғалымдар бұл хадисті төмендегіше талдайды. Біріншіден, бұл хадисті ғұламалар «сахих хадистер» қатарына жатқызбаған, ол хасан немесе әлсіз хадистер қатарына жатады.
⠀
Екіншіден, хадисте тыйым салу мағынасындағы ешбір сөз қолданылмаған, яғни иіліп сәлемдесуді харам деп танитын ешбір негіз жоқ.
⠀
Үшіншіден, «жоқ» деген сөздің тыйым салу мағынасында айтылмағаны осы хадисте «жоқ» делінген құшақтап, бетінен сүю әрекетін Пайғамбарымыз бен сахабаларының жақындары алыс сапардан келгенде жасағанынан аңғаруға болады.
⠀
Демек, бұл хадисте сұраушының нақты сауалына ғана қатысты жауап берілген, яғни мұсылмандардың бір-бірімен күн сайын көріскенде әдетке айналдыруы тиіс амал ретінде қол алып, амандасу құпталған.
⠀
Ал әр күн сайын бір-бірімен құшақтасып көрісу немесе жолыққан сайын иіліп сәлем беру сүннет те, міндет те емес, бірақ ол екеуі харамға немесе ширкке де жатпайды.
⠀
Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, шығыстанушы