97e24316dc4f9c333206ab3b4d1f21f4

Қазақ жерінде таралған исламның құқықтық ерекшеліктері

Ислам қағидаларының сенімге (ақидаға) қатысты тұстары өзгермейді, ал тұрмыс-тіршілікті, қарым-қатынасты реттейтін құқықтық нормаларға (фикһқа) қатысты бөлігінде уақытқа, мекенге (ортаға) сәйкес өзгерістер орын алуы мүмкін. Осындай өзгерістер ислам тарихында бірнеше мазхабтың қалыптасуына негіз болды.

Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Жергілікті халықтың дәстүріне тән әдет не ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, соған сай іс-әрекет етуге шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады.

Ғасырлар бойы ауызша қолданыста болған заңдардың бертінде жазбаша нұсқалары да қалыптасты. Көк Түріктердің «Төре бітігі», Шыңғыс ханның «Ясасы», Өзбек хан мен Едіге бидің «Низам» жүйесі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті жарғысы» заманалар бойы қолданылған әдет заңдарын жүйелеп, жаңғыртып, ішінара өзгертіп жеткізіп отырған құқықтық құжаттар болды. Жергілікті жағдайларға, басқару жүйесі мен құқықтық қатынастарға сәйкес туындаған әдет заңдарына ислам шариғаты күрт өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше әдет заңдары ислам дінімен қатар даму барысында мазмұндық жағынан бірте-бірте бейімделуге ұшырады деуге болады. Ислам діні мен қазақ дәстүрлерінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты.

«Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 100 сұрақ-жауап» кітапшасы

Комментарии закрыты.