126900480_2756433314685125_4495048538523964280_o

Ислам дінінің жаһандануға көзқарасы қандай?

 Ислам сенімі бойынша бұл дін – баршаадамзатқа түсірілген дін. Адамзаттың түр-түсі, тілі және ұлты сан-алуан болса да, барлығы бір атадан тарағандығын ескерте отырып, бір-бірімен танысуға, түсінісуге және өзаракөмекке дайын болуға шақырады. Тартысуға, бұзақылық жасауға, жанжалдасуға тыйым салады. Осыған орай Құранда: «Ей, адамдар! Шынында Біз сендерді бір ата мен бір анадан (Адам мен Хауадан) жараттық. Сендер бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Алланың алдындағы ең ардақтыларың – тақуаларың» [«Хужрат» сүресі, 13-аят] деп, әлемдегі барша адам бір-біріне бауыр екендігі меңзелген.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Даналық момынның (мұсылманның) жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да, (иеленіп) алсын» деген. Сонымен қатар: «Білім Қытайда болса да іздеп барыңдар» деген хадис бар, оның мәні – «мұсылманшылықты ұстанбайтын жұрттан немесе өте шалғайдан болса да білім алыңдар» дегенді білдіреді.

Мұсылмандар өз өркениетін қалыптастыру барысында сол заманғы барлық мәдениеттің, яғни жаһандану үдерістерінің озық жетістіктерін пайдалана білген. Осыған орай белгілі ислам философы Ибн Рушд: «Шариғат бұрынғылардың кітаптарына үңіле зер салуды жүктейді, олай болса болашақтағы әрбір жаңа нәрсеге үңіле ден қою да соған жатады» деген. Сонымен қатар өзге ұлттар мен діндер өкілдерінің еңбектеріне қатысты: «Олардың өз кітаптарында айқындап айтып бергендері ақиқатпен ұштасса, қуана қабыл алып, рахмет айтамыз, ал ақиқатқа сай келмесе, ескерту жасап, басқаларды сақтандырып, қателіктеріне кешіріммен қараймыз» деген.

Дереккөзі: «ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША 100 СҰРАҚ-ЖАУАП» кітапшасынан

Комментарии закрыты.