8999

«Толеранттықтың» баламасы қазақтың төл сөзі – мәмілегерлік

«Толеранттық» терминінің баламасы қазақтың төл сөзі – мәмілегерлік. Ол қарапайым тұрмыста көршінің көршіге деген мәмлегерлігінен бастап, кең ауқымда мәдениеттер, діни конфессиялар, ұлттар, ұлыстар, тілдер арасындағы өзара мәмілегерлікті, ымыраласуды білдіреді.

Дін–адамзаттың рухани мәдениетінің негізгі факторы. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыс, этносаралық келісім, адами құндылық дамып, өз жемісін береді.

Қазақстан – көп этносты мемлекет. Әр этностың өз наным-сенімдері мен этно-мәдени кеңістіктері әрі теологиялық, әрі әлеуметтік мәселе. Әрбір дінде адам еркіндігі басты орында тұрғандықтан әркімнің қалаған дінін ұстану құқығы бар. Сондай-ақ, қазіргі таңдағы көтеріліп жатқан толеранттылық мәселесі өзара сыйластықпен бейбіт өмір сүру мағынасын білдіреді.

«Тәуелсіздік» сөзі – дербестік, бостандық, азаттық, егемендік, еркіндік мағыналарын береді. «Қазақ» атауы да қазақ халқының еркін, дербес, өзгеге тәуелді болмай өмір сүруінен шыққан. Тарихымызды Керей мен Жәнібек сұлтандардың қазақ хандығын құру кезеңімен қабылдағанымызбен, одан әріде көшпелі тәуелсіз, еркін ел болғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды.

Тәуелсіздік бізді қағажу көрген тілімізге де, қудалау көрген дінімізге де қауыштырды. Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінің тарихын, дәстүрін, шариғат нормаларын оқып-үйреніп, ұрпақтың жадында қалдыру керек екенін де ұқтық. Себебі, қазақ халқының тарихы мен болашағы әрдайым ислам құндылықтарымен ұштасқан. Қазақ халқы армандаған тәуелсіздігінің ширек ғасырын мағыналы да, баянды өткізді. Енді, осы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында не істеу керек деген сауалды ислам тарихымен байланыстырып көрелік.

(Жалғасы келесі жазбада)

© С.Оқан

«Дінтанулық зерттеулер» кітапшасынан

Комментарии закрыты.