5464

Толеранттылықтың ислам тарихындағы жарқын көрінісі

 Мекке кезеңінде түскен аяттар Алла Тағала мен адамзаттың, адам балаларының өзара ара-қатынасын реттейтін діни-ахлақи қағидаларды құрады. Көнеден келе жатқан қате таным, әділетсіздік және бөлінушілік секілді қоғам бүтіндігін бұзатын әрекеттердің алды алынды. Ал, ислам тарихындағы «Мәдина конституциясы» Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) тарапынан ресми түрде Мәдина кезеңінде бекітілді.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдинаға көшіп келісімен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жергілікті халық-Әус пен Хазраж тайпалары арасындағы ру-тайпалық қақтығыс пен ішкі саяси-идеологиялық іріткіге тосқауыл қойды. Мұһажирлер (Меккеден қоныс аударған сахабалар) мен ансарлар (мәдиналық сахабалар) арасында рухани бауырластық түсінігін орнатып, бұрын-соңды болмаған өркениеттің жаңа бір үрдісін іске асырды. Бұл одақтастық Құрандағы: «Ақиқатында, иман еткендер – бір бауыр» (Хұжрат сүресі, 10-аят) деген аяттың аясында қалыптасты.

Имани бауырластық-үлкен отбасы саналатын қоғам бүтіндігін сақтаудың кеңейтілген түрі деп есептеледі. Өйткені, қоғам бүтіндігін сақтауда қандық, тектік бауырластықтың аясы тар болғандықтан ұлттар мен ұлыстардың әртүрлі рухани-материалдық қажеттілігін, әлеуметтік проблемаларды қандық туысқандық шеше алмады. Осы тұрғыдан күллі адамзаттың басын біріктіретін бір таным, бір мақсат негізіндегі имани бауырластық ұсынылды. Алғаш мұһажирлер мен ансарлар арасында жүзеге асқан имани одақтастықтың нәтижесінде, ислам діні жарты ғасырда әлемнің үштен екі бөлігіне әділетті билігін жүргізсе, соңғы ғасырлардағы мұсылман әлеміндегі алауыздық өзге елдің боданына айналуға әкеліп соқты. Алауыздыққа түсіп жүрген батыс әлемі, «Имани одақтастық» үрдісінің көшірмесін «Европа одақтастығы» деген атпен қабылдап, соның арқасында көп жетістіктерге қол жеткізді.

(Жалғасы келесі жазбада)

С. Оқан. «Дінтанулық зерттеулер» кітапшасынан

Комментарии закрыты.