789

Беташар жайлы бірер сөз

Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғ не сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Иіліп сәлем беруді «ширк» – Аллаға серік қосу деп таныған бірде-бір шариғи үкім жоқ. Ислам ғалымдары иіліп сәлем беруге қатысты төмендегі жалғыз хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Бізден (мұсылмандардан) бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған иіле ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Оны құшақтап, сүйеді ме?» деп сұрағанда да Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Қолын алып, амандасады ма?» деп сұрайды әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап береді.

Исламтанушы ғалымдар талдауы бойынша:
1. Бұл хадисті ғұламалар «сахих хадистер» қатарына жатқызбаған, ол хасан немесе әлсіз хадистер қатарына жатады.
2. Хадисте тыйым салу мағынасындағы ешбір сөз қолданылмаған, яғни иіліп сәлемдесуді харам деп танитын ешбір негіз жоқ.
3. «Жоқ» деген сөздің тыйым салуға жатпайтыны осы хадисте «жоқ» делінген құшақтап, бетінен сүю әрекетін Пайғамбарымыз бен сахабалары да жақындары алыс сапардан келгенде қолданған.

Қазақта әйел адам ерлермен қол беріп амандаспайды. Келіннің ізетпен иіліп сәлем салуын былай қойғанда, қыз балалар да ерлермен амандасқанда құрмет белгісі ретінде басын иген. Жас жігіттер де, орта жастағы ер адамдар да көпшіліктің, өзінен үлкендердің арасына келгенде қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлемдескен.

© A. Әбдірәсілқызы
«Дінтанулық зерттеулер» кітапшасынан

Комментарии закрыты.